Қызылтөбеге 40 жылдан кейін су құбыры тартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылтөбеге 40 жылдан кейін су құбыры тартылды

28.01.2022

Маңғыстау облысында 32 мың тұрғыны бар Қызылтөбе ауылдық округіне ауыз су берілді. Елдімекен құрылғалы 40 жылдан асса да орталықтандырылған су жүйесі тұңғыш рет тартылды. Бұдан былай заводтан келген тіршілік нәрі, қуаты 6 мың текше метрлік су айдау станциясына жиналып, құбыр арқылы әр үйге жеткізіледі.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Елді мекенде 80-дей көше бар. Онда 4 мыңға жуық тұрғын үй орналасқан. Көшелердің барлығына осындай орталықтандырылған су құбыры тартылған. Су келіп тұр. Тек тұрғындар коммуналдық мекемемен келісім шартқа отырып, құбырды үйлеріне тартып алулары тиіс. Ал, әзірге құбырмен келген судың қызығын 53 тұрғын үй көріп отыр.

Жылдар бойы ауыл халқы құдық суын пайдаланып келді. Малмен күн көріп отырған ағайынға судың тапшылығы қатты батты. Сондықтан мұндағы жұрт тіршілік нәрін үнемдеп пайдалануға үйренген.

Кәмилә Мұрат, Қызылтөбе ауылының тұрғыны:

Шелекпен тасып, су ысытып, ыдыс жуатынбыз. Қазір енді шүкір ауылға су келіп жатыр, бәріміз қуаныштымыз. Жұмысымыз жеңілдеді.

Құбырды үйдің ауласына дейін жүргізгендер бар. Енді олар көшет отырғызып, жеміс-жидек өсірмек. Ауылға су келгенін енді естігендер тұрғындардың қуанышында шек жоқ.

Аман Таңғұлов, Қызылтөбе ауылының тұрғыны:

Біраз жыл қиыншылықты көрдік. Ал, енді бүгіннен бастап су келіп жатыр екен. Халықтың игілігіне жарасын.


Тұрды Қаратоқашов, Қызылтөбе ауылының тұрғыны:

Бау-бақша өсіреміз, малымызға да керек, су бар жерде тіршіліктің бәрі бар ғой. Аманшылық болса жақсылық болады енді.

Ауылдықтардың басым бөлігі әлі де ауыз суды тасып ішеді. Қазір тәулігіне 200-300 текше метр су тұтынып отыр. Ал, орталықтандырылған су жүйесіне толық қосылғанда, 6 мың текше метр су қажет.


Ерлан Қайнаров, Қызылтөбе ауылдық округінің әкімі:

Жобаның мақсаты - толықтай мына тасымалды тоқтатып, орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтамасыз ету. Тәулігіне 6 мың текше метр су беріп тұрса, зауыт біздің сұранысымызды қанағаттандырып тұрса, онда бізде мәселе болмайды.

Былтырғы қуаңшылықта қатты қиналған қызылтөбеліктер бұдан былай судан таршылық көрмейтініне қуанышты. Ауылдағы ағайын енді мал басын көбейтпек ниетте.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу