Атырау облысы: Өңірге 650-ге жуық мұғалім керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырау облысы: Өңірге 650-ге жуық мұғалім керек

01.02.2022

Атырау облысы білім саласының білікті мамандарына мұқтаж. Өңірге 650-ге жуық мұғалім керек. Сұраныс жыл өткен сайын көбеймесе, азаймай тұр. Маман тапшы болған соң, кейбір оқытушылар екі мектепті қатар алып жүр. Мәселені меншікті тіліміз Жандос Темірғали зерттеп көрді.

Бұл қаладағы 24 мектеп. 750 орынға арналған білім ошағында қазір 2300-ден астам оқушы үш ауысыммен оқиды. Сондықтан, кадр тапшылығы да өткір тұр. 7 педагог өзге оқу ордасынан келіп жұмыс істейді. Солардың бірі тарих пәнінің мұғалімі Әлия Әбутәлиева. 17 жылдық тәжірибесі бар білікті маман аптасына 40 сағат бала оқытады.
Әлия Әбутәлиева,  24 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі:
Балалардың бізге деген көзқарасы, баланың білім білуі жағына келгенде біздер тіпті шаршағанымызды расында да ұмытып кетем. Жалақымыз жақсы. Өзінің категориясына байланысты алып отырмыз.
Жас маман Кристинаның да жүктемесі екі есе көп. Қазір ол да Әлия секілді екі мектепте қатар жұмыс істейді.
Кристина Урлакова, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі: 
Онлайн оқуға да офлайнға да үлгеруге тиіспін. Әрине, екі жақта жұмыс істеу қиындау. Оқушы көп. Бірақ, ұстаздық жолды таңдағаннан кейін, шыдауға тура келеді. 
Өңірде 12 мыңдай педагог бар. Тағы 650-ге жуық мұғалім керек. Биыл әкім грантымен оқып келген 178 жас маман жұмысқа орналасты. Бірақ, бұл да аз. Министрлік кадр тарту мақсатында арнайы бағдарлама жасақтап жатыр.
Айнагүл Дүйсекенова, облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары: 
Бұл мұғалімдерге арнайы пакет дайындалады, өңірлерге шақыруға байланысты. Әсіресе, тұрғын үй мәселесі, еңбекақы мәселесі. Біз қазіргі жасақтап жатқан өзіміздің сұранысымызға жаңадан ашылатын мектептерді де ескеріп отырмыз. Ертеңгі күні ол мектептер ашылғаннан кейін кадр мәселесі туындайды.
Жауаптылар үш ауысымды 11 мектептің проблемасы көп ұзамай шешіледі деп сендіреді. Қазір бұл білім ошақтарында 11 мың балаға орын тапшы. 10 мектеп салынып жатыр. Бесеуі биыл пайдалануға берілмек. Жалпы 2025 жылға дейін өңірде 48 оқу ордасы бой көтереді деген ауқымды жоспар бар.
 
Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу