Түркістанда ұялы телефон арқылы 5 облыстың тұрғындарын алдап келген күдікті ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда ұялы телефон арқылы 5 облыстың тұрғындарын алдап келген күдікті ұсталды

02.02.2022

Түркістанда ұялы телефон арқылы алаяқтық жасап, 20-ға жуық адамды алдап соққан келіншек ұсталды. Күдікті осындай тәсілмен еліміздің 5 облысы тұрғындарын құрығына түсіріп, қомақты ақша алып келген. Оны ұстауға түркістандық тұрғынның полицияға түсірген арызы себеп болған.

Арызданушы әйел «Whats App» әлеуметтік желісі арқылы «Криптовалюта» атты топқа қосылғанын айтқан. Бұл топты құрған азаматша оған «ақшаңды еселеп беремін» деп кейін қайтармай қойған. Осылайша алаяқ жәбірленушіден бас-аяғы 200 мың теңгеге жуық ақшасын алған.

Полицейлер әлеуметтік желілердегі жалған жарнамалар мен банктік есепшоттарды тексере келе, күдіктіні бір тәулік ішінде тауып алды. 30-дағы келіншектің Түркістан, Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарының 17 тұрғынын алдағаны анықталды. Жұртқа шығын көлемі 2 миллионнан асады. Іс сотқа жолданды.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу