Депутаттар бүлік кезінде жақындары қамалғандармен кездесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар бүлік кезінде жақындары қамалғандармен кездесті

04.02.2022

Алматыда бір топ Парламент Мәжілісінің депутаты қаңтар оқиғасынан зардап шеккен азаматтармен кездесті. Жиынға шаһардың билік өкілдері, адвокаттар мен құзырлы орган қызметкерлері қатысты.

Депуттардың сөзінше бейбіт шеруге шығып, заң бұзбаған тұрғындар жапа шекпеуі керек. «Жақынымыз жазықсыз қамалды» деген ата-аналардың жанайқайы ескеріледі.

Берік Дүйсенбиев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты:
Біздің азаматтарымыздың құқығы жерге тапталмауы керек. Заңсыз қудалауға, заңсыз қамалуға, болмаса заңсыз соққыға жығылған азаматтардың құқығын қалпына келтіруіміз керек. Біздің басты мақсатымыз - осы. 

Сондай-ақ осы кездесуге бүліктің кесірінен кәсібіміз тұралап қалды деген азаматтар да жиналды. Кәсіпкерлер өтемақыны алу кешіктіріліп жатқанын алға тартты. Сондай-ақ осындай қиын сәтте несие алу мерзімінің ұзартылғанын қалап отыр. Депутаттар бизнес өкілдерінің уәжін тыңдап, бір апта ішінде жауап берілетінін жеткізді.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу