Қарағанды мен Павлодар облыстарының фермерлері бір аумақтағы жер учаскесінің қожайындары болып шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды мен Павлодар облыстарының фермерлері бір аумақтағы жер учаскесінің қожайындары болып шықты

07.02.2022

Бір жер теліміне екі қожайын. Қарағанды мен Павлодар облыстарының фермерлері бір аумақтағы жер учаскесінің заңды қожайындары болып шықты. Екі өңірдің шекарасындағы жер дауы ұзақ жылдарға созылып келеді. Алайда мәселе түбегейлі шешілмей отыр.

Молодежный кентінің тұрғыны Темірлан Егізеков ұзақ жылдар бос жатқан жерге көпжылдық шөп, мал азығына қажетті дақылдарды егемін деп топырағын өңдей бастаған. Алайда, жердің екінші қожайыны шығып, заңды құжаттарын көрсеткен соң барлық шаруаны доғаруға тура келеген.

Темірлан Егізеков, фермер:

Алқаптағы жұмысты бақылауға келсем тракторшы жігіттер өздеріне әлдекімдердің келгенін айтты. Олар бұл жер өздеріне тиесілі екенін, сондықтан жұмысты дереу тоқтатуларын талап еткен. Арғы бетте Павлодар облысының Ұзынбұлақ ауылы орналасқан. Ондағы тұрғындар бұл жер өздерінікі деп біледі.

Осы аумақтағы 17 мың гектар жерге қазір екі өңірдің фермерлері таласып отыр. Бұл алқаптарды Қарағанды облысының Осакаров ауданы және Павлодар облысының Баянауыл ауданы әкімдіктері құжат жүзінде рәсімдеп тастаған. Екі тарапта мұны мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне сүйене отырып жасағанын алға тартады.

Береке Есіргепо, Осакаров ауданы Жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Мысалы біздің отырғызғанды әр жақ көрмейді. Олардың отырғызғанын біздің Қарағанды облысының мамандары көрмейді. Тек қана осы шаруашылықтар кардинаттар бойынша өздерінің жер учаскесіне барған кезде екеуі бір жерге барады.

1938 жылы Павлодар облысының Ленин атындағы колхозы тұсынан екі өңірдің шекарасы белгіленген. Он жылдан соң Қарағанды облысы шекарасының құжаты рәсімделген. Онда өңірге тиесілі аумақтар нақты жазылған. Алайда шекара сызығы картаға мүлде өзге жерден түскен. Осыдан соң шаруалар арасында дау туындап, 1952 жылы мәселені сол кездегі ауыл шаруашылығы министрлігі қайта қараған. Комиссия шешімімен жер Қарағанды облысына тиесілі екені расталған. Кейін 1986 жылы тағы бір мәрте тексеріліп, байырғы шешім өзгеріссіз қалады. Соған қарамастан жер телімдері кадастрлық жүйеге дұрыс енгізілмеген болып шықты.

Береке Есіргепов, Осакаров ауданы Жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Әр тараптың, әр облыстың өз шындығы бар. Біз өз құжаттарымыз бойынша бұл жер біздікі деп жатырмыз, олар өз құжаттары бойынша біздікі деп айтып жатыр. Кеңес үкіметі кезіндегі құқық беретін оұқсат бар бізде. Сол рұқсат бойынша Қарағанды облысының шекарасы бекітілген. Ал Павлодар облысында ондай құжат жоқ, тек қана карта бойынша сызылған, өздерінің ескі картасы бар. Бірақ ол картаны бекіткен нормативтік құжат жоқ ол жақта.

Бір ғана Қарағанды облысы тарапынан осы шекарада жатқан жер телімдеріне қол жеткізе алмай жүрген 6 бірдей шаруашылық бар. Күрмеулі мәселені біржола шешу үшін қожалық иелері сотқа жүгінген.

Бұл мәселе бойынша біз Ауыл шаруашылығы министрлігіне сұрау салдық, құзырлы орган шекаралас аумақтағы жер дауы бойынша алдағы уақытта ресми жауап беретінін хабарлады.

Руслан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу