Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты

08.02.2022

Алдағы екі ай ішінде Қазақстаннан шетелге заңсыз шығарылған қаржыны қайтару жөнінде ұсыныс әзірленсін. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке осындай тапсырма берді. Кеден бекеттеріндегі қордаланған мәселелерді жедел шешу қажеттігін айтып, Үкіметке 10 күн мерзім белгіледі. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент қаңтар оқиғасы еліміздің қалыпты өмірін түбегейлі өзгерткенін атап өтті. «Жаңа Үкіметтің алдында елдің экономикалық әлеуетін толық қалпына келтіру міндеті тұр. Бұл өте маңызды. Азаматтардың табысын арттыруымыз қажет», - деді Президент.

Бай мен кедей. Іштегі қыжыл, сырттағы ыза да осы. Екі ұғым кейінгі кезде елдегі мәселенің өзегіне айналды. Оның үстіне жемқорлық деген «жымысқы дерт» етекке оралып, төске ұмтылғалы қашан? Қарсы шабуыл күшейгенмен дес берер емес. Енді Үкімет күрес түрі мен тәсілін көбейтуі тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз жұрттың бизнеспен айналысуына тең мүмкіндік береміз. Қоғамымызда белең алған сыбайлас жемқорлық пен экономикадағы әсіре байлар үстемдігінің салдарымен күресеміз. Бәріміз елдің игілігі үшін қызмет етуге тиіспіз.
Шетелге заңсыз шыққан ақшалар көп кешікпей қайтарылуы керек. Президент оның тетіктері бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Үкіметтің екі ай ғана уақыты бар. Байлар тыққан дүниелерін сыртқа тасып жатса, қарызға белшесінен батып, жоқшылықтан көз ашпай отырғандар керісінше көбейіп барады. Кедей адамдардың саны артуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Өкінішке қарай соңғы кезде жұрттың табысы экономикалық өсімнің емес, әлеуметтік трансферттің есебінен көбейді. Ашығын айтқанда жәрдемақымен және зейнетақымен ғана күн көріп отырғандар аз емес. Бұл аз десеңіз жұмыс берушілердің пайдасымен және нарықтағы бағаның көтерілуімен салыстырғанда еңбекақы әлде қайда баяу өсуде.
Есесіне есеп бергендер өтірікті судай сапырады. Президент халықтың шынайы табысын жасырып, жауаптан сытылып кеткендердің былығын ашты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл - соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл - нағыз көзбояушылық. Менің тапсырмам бойынша халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл құжатта тұрғындардың кірісін көбейтумен қатар орынсыз шығынын азайтатын тың шаралар қарастырылуы тиіс.
Жұмыс орнын көбейтуде шағын және орта кәсіптің ықпалы көп. Бірақ, олардың жолын басқа емес, әкімдер кес-кестейді. Қаржылай көмек түгілі, заң аясында қолдау көрсетпейтінін Президент ащы ақиқат деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мұндай жөнсіздікті шұғыл түрде доғару керек. Аудан әкімдеріне нақты меже қойылсын. Оларға жыл сайын әрбір 10 мың тұрғын үшін кемінде 100 жұмыс орнын ашуды міндеттеген жөн. Біз енді жұмыс тәсілін өзгертеміз. Кәсіпкерлер әкімнің соңынан жүгірмеуі керек. Керісінше әкім инвестор тартуға ұмтылуы қажет.
 Жемқорлық жайламаған сала жоқ. Елдегі базарлар заңсыз олжаның «ордасына» айналған. Мәселен – Алматыдағы атақты «Алтын Орда». 3 млн нарықтың негізгі сауда жасайтын жері. Бірақ, делдалдық көптің дегбірін қашырып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне Үкіметпен бірлесіп, базарда тәртіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз майшелпекке айналған. Бұған Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік. Қажет болса құқық қорғау орындары аралассын.
Ал халықты жарылқауы тиіс мемлекеттік бағдарламалардың біразы баянсыз. Бір ғана мысал, «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы. 3 жылдағы нәтиже шамалы. Импортты ығыстырып, нарықты өз өнімдерімізбен қамтуы тиістін. Бірақ, импорт азаюдың орнына өсіп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты - ішкі нарықты халық тұтынатын отандық тауармен қамтамасыз ету. Алайда осы кезеңде экспорт көлемі бұрынғы деңгейде қалып, импорттың үлесі 8 пайызға өскен. Үкімет мұның себебін анықтауы тиіс.
Үкіметтің тағы бір ширататын шаруасы – энергетикалық қауіпсіздік. Әйтпесе, электрмен жабдықтау жүйесіне қауіп төнуі мүмкін. Ол үшін атомдық, таза электр энергиясы керек.
 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жауапты адамдардың атом станциясының құрылысы туралы сұрақтарға жауап беруден неліктен қашқақтайтынын түсінбеймін. Турасын айту керек: таза атом энергиясынсыз біз инвестициялар туралы айтпағанда, бүкіл экономикамызды жоғалтып аламыз, өңірлік көшбасшылығымызды жоғалтамыз.
Квазимемлекеттік секторда өтірік көп. Әсіресе, инвестициялық жобалардың құнын асырып көрсетуде айласын асырып жүр. Президент мұның жолын жою үшін халықаралық байқау өткізуді бұйырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мысалы, Кендірдегі су тұшытатын зауыттың жобасы шетелдегі дәл осындай жобалардан 3 есе қымбат тұрады. Екібастұздағы ГРЭС пен Алматыдағы энергетикалық торапты жаңғыртуға тым көп қаражат бөлініп отырған жоқ па? Осындай мысалдар аз емес. Сондықтан мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін ашық халықаралық байқау өткізген жөн. Бұл қалыпты тәжірибеге айналуға тиіс.
Инфляцияны тежеп ұстаудың салдарын ескеру керек. Президент мұндай тәсілдің қаупіне де тоқтала кетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Баға барлық елде жаппай өсіп жатыр. Соған қарамастан, біз инфляцияны 8,4 пайыздан асырмай ұстап қалдық. Мұндай ұстаным күндердің күнінде инфляцияның күрт өсуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Бақылау-реттеу тәсілінен жүйелі салалық шараларға көшу керек. Мен нақты тапсырмалар бердім. Үкімет пен әкімдер жұмысқа кірісіп кетті.
Жерді ұтымды пайдалану жағынан ұтылып жатқанымыз жасырын емес. Неғұрлым көбірек аумақты алып алып, бірақ инвестиция салмайтындармен күресті күшейту керек. Ал ауылшаруашылық министрлігінің қаулысы керісінше оларды қорғауға ұқсайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Атырау облысында бір адамға - 89 мың гектар, Алматы облысында - 96 мың гектар, Шығыс Қазақстанда - 69 мың гектар жер бөлініп кеткен. Ал ауыл шаруашылығы министрлігі бір қолда 98 мың гектарға дейін ауыл шаруашылығы жерін ұстауға рұқсат беретін қаулы жобасын әзірледі. Бұл - қазір қолында ауқымды алқаптары бар адамдардың иелігін сақтап қалу әрекетіне ұқсайды. Яғни, осы үрдісті нормативтік база ретінде бекітуге талпыну. Сондықтан Үкіметке жер учаскелерінің шекті мөлшерін анықтау үшін сарапшылар мен ғылыми институттардың қатысуымен жұмыс тобын құруды тапсырамын. Оны осы жылдың 1 мамырына дейін бекіту керек.
Былтыр ел бойынша 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынған. Яғни, рекордтық көрсеткіш. Алайда Президенттің бұл есепке күмәні бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мұның қаншалықты дұрыс мәлімет екенін тексеру керек. Әкімдер жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ескі үйлер мен саяжайларды да есепке қосып жібереді деген ақпарат бар. Ал биыл былтырғыдан 1 млн шаршы метр артық үй салынады деп жоспарланып отыр. Бірақ, құрылыстың мұндай қарқынына коммуналдық инфрақұрылым ілесе алмай жатыр. Елордамыздағы ахуал - осының айқын дәлелі.
Ал кедендегі бей берекетсіздікті шешу үшін Президент Үкіметке 10 күн уақыт берді. Саланың қызметін заң бойынша қатаң реттеу керек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ондағы былықты жөнге келтірмесе, салдары қиын болуы мүмкін. Қытайдың статистикасы мен біздегі көрсеткіштің айырмасы 5,7 млрд доллар болуы соның дәлелі. Қазір Қытаймен арадағы кеден бекетінде 12 мыңнан астам көлік электронды кезекте тұр. Құзырлы экономикалық операторлардың заңсыз іс-әрекеті туралы бұған дейін де айттым. Олар кеденнен және басқа да бақылау органдарынан соншама жеңілдікті қалай алып отыр? Не себепті бұл мәселе назардан тыс қалған?
Мұның бәрі айналып келгенде адалдық пен ашықтыққа тіреледі. Бірақ, бізде бұл көрініс байқала бермейді. Президент сөз соңында осы мәселе туралы терең ойлануды ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жастар бастықтар мен ауқаттыларға жақын жүретін алаяқтар мен жемқорлардың шалқып өмір сүріп жатқанын көріп отыр. Тіпті соларға қарап бой түзейтін болды. Қоғамда табысқа жетудің төте жолы осы деген қате түсінік орнығуда. Оған қоса тағы бір жағымсыз үрдіс бар. Кейбіреулер адал еңбекпен жетістікке жететін мүмкіндік жоқ екенін білген соң еш әрекетсіз қол қусырып отырады. Жұмыс істеудің орнына мемлекетке де, жақындарына да масыл болуда. Өзіне жәрдемақы мен жеңілдік талап етіп, алақан жаюдан арланбайды. Министрден малшыға, қаржыгерден қара жұмысшыға дейін әрқайсымыз бұл туралы терең ойлануымыз керек.
Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу