Ақтөбе қаласына қарасты 2 елдімекен халқы 5 жылдан бері жаңа баспананы күтумен келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе қаласына қарасты 2 елдімекен халқы 5 жылдан бері жаңа баспананы күтумен келеді

08.02.2022

2017 жылы суға кеткен Ақтөбе қаласына қарасты Махамбет, Вохр елдімекендерінің халқы 5 жылдан бері уәде етілген жаңа үйлерді күтумен келеді.Бірақ осы уақытқа дейін бірде-бір баспана салынбаған. Тек жер телімі берілген. Жақсыбек Кемал мәселенің мән-жайын анықтап көрді.
Жақсыбек Кемал, тілші:
2017-інші жылы Ақтөбе қаласын су басқан еді. Әсіресе, қазір біз тұрған Вохр, Махамбет елді мекендері көп зардап шекті.Мынадай ондаған үй құлап, жарамсыз болып қалды.
Бұл аумақта 400-ге жуық үй бар. Күлшат Батырғалиеваның да үйі суға кеткен. Алайда, оны шама-шарқынша жөндеп, қайта қоныстануға мәжбүр болды. Өйткені басқа барар жері жоқ. Баспананың қазіргі күйі нашар. Қабырғалары жарылып, іргетасы шөгіп кеткен.
Күлшат Батырғалиева, тұрғын:
Жаңа жер берді. Ол жерден үй салуға мүмкіндік жоқ.
Амалы таусылған тұрғындар бүгін жиналып, шағымдарын жеткізді. Айтуларынша, әкімдік барлығын жаңа үйлерге көшіруге уәде берген.Тіпті жаңа баспананың суреті мен жоспарын да қолдарына ұстатқан. Алайда, бірнеше жыл өтсе де, уәде орындалмады.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, бастапқыда тұрғындарды жаңа үйлерге қоныстандыру жоспары болған. 366 үй салу үшін 5млрд теңге қажет деп табылған. Алайда, ол жоба мақұлданбады. Сондықтан, мұндағы халыққа тек жер телімдері берілген. Осы уақытқа дейін 14 отбасы ғана баспана салып алған. Басқаларының оған жағдайы жоқ.
Серік Дәулетов, қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:
Республикалық бюджеттен қаржы бөлінбегеннен кейінқалалық бюджетте мұндай қаржы болмағасын бұларға үй салынған жоқ. Салынбайды. Өздері салу керек. 2019 жылы сол үшін жер берілді.
Бұл елді мекен өндірістік аймақ жанында орналасқандықтан санитарлық-экологиялық аумақ болып саналады. Тұрғындар арасында түрлі ауруға шалдығу дерегі көп. Ал, әкімдік өкілдері мұндағы халық ұмыт қалмайды дейді. Қазір қайта жоба жасалып, республикалық бюджеттен қаржы сұрау үшін құжаттар әзірленіп жатыр.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу