Алматыда әкімшілік нысандарға шабуыл жасауы мүмкін күдіктілер ұсталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда әкімшілік нысандарға шабуыл жасауы мүмкін күдіктілер ұсталды

09.02.2022

Алматыда әкімшілік нысандарға шабуыл жасауы мүмкін деген күдікпен бір топ адам ұсталды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, оларды тінту барысында 158 оғымен бірге «Калашников» автоматы, 3 снаряд, 2 гранатамен шолақ мықтық табылды. Ұсталғандардың бірі бұрын адам өлтіргені, қарақшылық және ұрлық жасағаны үшін сотталған. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

Дүкен күзетшісі қару ұрлаған

Жедел іздестіру шарасы аясында қару ұрлаған дүкен күзетшісі де ұсталды. Оның үйінен екі мылтықты карабин және тегіс ұңғылы мылтық табылды. Күдіктінің тәркіленген заттарды 5 қаңтар күні қару-жарақ дүкенінен ұрлағаны анықталды.

Деструктивті ағым өкілінен қару-жарақ тәркіленді

Сондай-ақ, шаһарда заңсыз қару сақтаған тағы бір адам қолға түсті. 1988 жылғы азамат деструктивті ағым мүшесі болып шықты. Одан 12 калибрлі аңшы мылтығы мен оған арналған 7 патрон тәркіленді. Осы фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптама тағайындалды.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу