Алматы облысында көлігімен жолға шығып адасып қалған екі азамат құтқарылды. Бір тәулікке жуық уақыттай иен далада қалып қойған талдықорғандық жігіттер дін аман. Бізбен қазір өңірдегі тілшіміз Қуаныш Қанатұлы скайп арқылы байланысқа шықты. Қуаныш оқиғаның мән-жайын баяндап берсеңіз?
Қуаныш Қанатұлы, тілші:
Екі азаматтың жоғалғаны туралы ақпарат кеше таңғы бес жарымда түсе салысымен жедел іздестіру тобы құрылды. 30 адам 10 көлікпен 3 топқа бөлініп, таулы аймақтарда іздеу-құтқару жұмысына кірісіп кеткен. Құтқарушыларға адасқан екі азамат Талдықорған маңындағы Ащыбұлақ саяжайы арқылы жолға шыққаны туралы мәлімет берілген. 5-6 сағаттық іздестіруден кейін екі жігіт Ескелді ауданына қарасты Қоңыр ауылының маңынан табылған. Олардың жол талғамайтын көліктері қар құрсауында қалып қойған. Таңға жуық жанармайы таусылып қалған. Аман-есен құтқарылған азаматтар көмек сұрауға ешқандай мүмкіндік болмады, дейді. Себебі таулы аймақта ұялы байланыс ұстамайды. Құтқарушылар олардың көліктеріне дизель отынын құйып, Талдықорғанға дейін шығарып салған. Ауа райын болжаушылардың мәліметінше бүгін түстен кейін тағы да қар жауады.
Қуаныш Қанатұлы