Алматыда өрт сөндіру және апаттық қызметте жаңа жұмыс орындары ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда өрт сөндіру және апаттық қызметте жаңа жұмыс орындары ашылды

09.02.2022

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінде қосымша 262 жұмыс орны ашылды. Үкіметтің қаулысына сәйкес осы жылдың басынан шаһардың өрт сөндіру және апаттық қызметінде штат саны артты. Департаменттің кадр саясатының хабарлауынша, қазір өрт сөндірушілер, жүргізушілер мен радиотелефоншылар қажет. Жұмысқа 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар қабылданады. Олар әскери борышын өтеген немесе міндетін кейінге шегерген болуы тиіс. Сондай-ақ, кәсіпкерлікпен айналысатындар мен қылмыстық жауапқа тартылғандар іріктеуден өте алмайды.

Сәуле Шакалова, қалалық ТЖД Кадр саясаты басқармасының басшысы:

Азаматтарды қызметке іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Заңдардан тест тапсыру, әскери-дәрігерлік комиссиядан өту және дене шынықтыру даярлығынан нормативтер тапсыру қажет. Барлық кезеңнен сүрінбей өткен үміткер Оқу орталығына жіберіледі. Ол жерде үш уақыт тамақпен және жатын орынмен қамтамасыз етіледі.


Хабарламаларға жазылу