Павлодарда газ бағасын қымбаттатқан компанияларға қатысты іс қозғалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда газ бағасын қымбаттатқан компанияларға қатысты іс қозғалды

09.02.2022

Павлодар өңірінде сұйытылған газ бағасын негізсіз көтерген делдар компаниялар анықталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл мәліметті экономикалық тергеу департаменті растады.

Павлодар мұнай-химия зауытында өндірілетін сұйытылған газ бағасының литрі өткен жылы 120 теңгеге дейін көтерілді. Қазір 70 теңге. Газ сататын кәсіпорындар көгілдір отынның нақты бағасы бұдан жоғары болмауы керек деп санайды. Себебі, өндіруші кәсіпорын оларға тікелей берсе газдың өзіндік құнына небары 4 500 теңге үстеме қосылады. Алайда ортаға делдалдар кіріп алған.

Райхан Қожина, сұйытылған газ сататын компания құрылтайшысы:

15 мың теңге 1 тоннасына бұл мекемелер тек құбырды ашып-жапқаны үшін алып тұр. Машинаны өлшегені үшін біздің қалтамыздан. Сосын жаңағы 0,9 процент шығын деген ана зауыттың басында болатын оны да біздің мойнымызға ілді.

Владимир Комаров, сұйытылған газ сататын компания директоры:

Газдың тоннасы қосымша құн салығымен есептегенде 43 мың теңге болған. Делдар фирмалар 35 пайыз қосып жіберді. Зауыттан тікелей алсақ газдың бөлшек саудадағы бағасы арзандайды. Кіріс тек мемлекетке түседі.

Қазір Павлодар мұнай-химия зауытында тексеру жүріп жатыр. Кеше кәсіпорын директоры ұсталды. Алайда, істі қарап жатқан Экономикалық тергеу департаменті мән-жайды ашып айтпай отыр. Бүгін зауыт жұмысшылары Президентке ашық хат жолдады. Ақпарат құралдарына тараған хатта, 2014 жылдан бері делдалдық және ішкі сервистік қызмет көрсетіп келе жатқан аутсорсинг серіктестіктердің қаржылық қитұрқы әрекеттерге қатысы бары айтылған.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу