Ауылдағы салауатты өмір салты: жастар қалай таң қалдыруда? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауылдағы салауатты өмір салты: жастар қалай таң қалдыруда?

09.02.2022
Ауылдағы салауатты өмір салты: жастар қалай таң қалдыруда?

Еліміздің шағын ауылдарында жастардың бос уақытын өткізуге арналған жаңа орындар пайда болуда.Өздерінің туған жеріндегі өмірді өзгертуге тырысқан қоғам белсенділері түрлі бастамаларды ұсынуға тырысады. Бүгін біз Қызылорда облысы М.Шәменов атындағы ауыл тұрғындарының «Салауатты ауыл» атты жаңа спорт орталығын қалай ашқаны туралы айтып береміз.

Жаңа нысанды ашу жөніндегі бастаманы құрамында Сәтбай Серәліұлы, Исатай Ербатыр, Нарбота Серәлі бар топ жүзеге асыра білді.

Жігіттерге бастаманы жүзеге асыруға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тапсырысы бойынша бөлінген шағын грант көмектесті.

«Спорт орталығының немесе клубтың пайда болуын біздің ауылдың барлық тұрғындары армандады. Біз оны ашқан кезде, мұндай оқиғаға барлығының қаншалықты қуанғанын байқадық. Өйткені, бізде бұдан бұрын жастардың бос уақытын өткізетін жері жоқ еді. Сонымен қатар, біз өскелең ұрпақтың уақытты пайдалы өткізгенін қалаймыз, олар спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанса дейміз. Дені сау ұлт қана бәсекеге қабілетті бола алатыны белгілі. Ауылда тұратын жастар да бұдан тыс қалмауы керек. Біз жас ұрпақтың дұрыс жолды таңдағанын қалаймыз», - дейді Сәтбай Серәліұлы.

Жастар өздерінің үлгісімен ауылдастарына бүгінгі таңда мақсатты жүзеге асыру үшін ниет пен табандылық жеткілікті екенін көрсетті.

Өткен жылы Қазақстанда «Ауылдағы азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы іске асырылған болатын.

Жоба аясындағы барлық үздік бастамалар гранттық қолдаудың арқасында жүзеге асты. Осындай жобалардың бірі – Қызылорда облысы Жалағаш ауданында жүзеге асырылып жатқан «Салауатты ауыл» жобасы.

Спорт орталығына кіру тегін. Барлық тұрғындар бұл жобаның пайдалылығын бағалап үлгерді. Жаңа ұйымға әр түрлі жастағы адамдар келеді. Өйткені, мұнда спортпен шұғылдану үшін қажетті жабдықтар бар. 500 мың теңге ұтып алған бастамашыл топ үстел теннисіне арналған жабдықты, қабырғаға ілінетін турниктерді, арнайы жаттығу жабдықтарын, бокс қолғаптарын және басқа да қажетті керек-жарақтарды сатып алды.

Сәтбай Серәліұлы алдағы жоспарларымен де бөлісті. Оның айтуынша, орталықта жастар арасында спорттық жарыстар өткізіледі деп жоспарлануда.

Еске салайық, 2021 жылы ауылдық жерлердегі өмірді жақсартуға бағытталған азаматтық бастамаларды дамыту үшін бүкіл ел бойынша 60 шағын грант іске асырылған болатын.

Хабарламаларға жазылу