Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Мәскеуге барды. Президент ресейлік әріптесі Владимир Путинмен көпжоспарлы стратегиялық серіктестікті дамыту перспективаларын талқылады. Айта кетейік былтыр Ресеймен арадағы тауар айналым 20 миллиард доллардан асып, рекордтық көрсеткішке жеткен. Енді экономикадан бөлек, білім, ғылым, энергетика салаларында да әріптестікті нығайту көзделген. Тараптар осы бағытта бірнеше маңызды келісімге қол қояды деп жоспарланып отыр. Әрі кездесу қорытындысы бойынша мемлекет басшылары бірлескен мәлімдеме жасамақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Шақырғаныңызға рахмет. Бұл менің Қаңтар оқиғасынан кейінгі алғашқы сапарым. Қазір елімізге шабуыл жасаған террористер мен бандиттер ұсталып, тергеу жүріп жатыр. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы әскері елде тұрақтылық орнатуға септігін тигізді. Кінәлілер анықталып, лайықты жазасын алады. Ал бүгінгі кездесуде қос тараптың мүддесіне сай, келісімдерге келеміз деп ойлаймын.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
Ресейге қош келдіңіз. Сізді көргеніме қуаныштымын. Шын мәнінде қаңтар оқиғасына қатты алаңдаушылық білдірдік. Сіздің басшылығыңызбен бәрі қалпына келіп, жақсы боларына сенемін.