Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жасаған сапарына шолу - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейге жасаған сапарына шолу

13.02.2022

Әлемде құрлықтағы ең ұзын шекара Қазақстан мен Ресейдің арасы – 7 жарым шақырымнан асады. Иә, АҚШ пен Канада арасындағы шекара жердегі ең ұзын болып есептеледі – 8893 шақырым. Алайда ол екі бөліктен тұрады: бірі негізгі құрлықта, екіншісі Аляска жақта.

Солтүстіктегі көршіміздің Украинаға байланысты Батыс әлемімен, Киевтің өзімен кезекті рет айтысып жатыр. Аптада Франция президенті Э.Макрон Мәскеуге барған, Путинмен алты сағат сөйлескен. Соңғы уақытта тағы бір соғыс басталып кете ме деген қауіп күшейген және ол сейілген жоқ. Кеше Путин телефонмен Байден және Макронмен тағы кезек-кезек сағаттап сөйлесті.

Осы аптада Қазақстан президенті Ресей Федерациясына жұмыс сапармен барды. Келіссөздерден кейін екі мемлекеттің басшылары бірлескен мәлімдеме жасаған. Сонда Қ.Тоқаев Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздіктің тұтастығына қатысты Ресейдің ұстанымын қолдаған.

Ол позиция 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның Астана форумында қол қойылған Декларацияда бекітілгенін еске салды. Сонда, цитата: Түптеп келгенде «жақсы жанжалдан, жаман болса да бітім артық, деді.

Мәскеуден кейін Қ.Тоқаев Татарстанның астанасы Қазан қаласына барды. Алдымен Досжан Маратұлының материалы.

Досжан Маратұлы, тілші: 
Ресей еліміздің негізгі экономикалық серіктесі деп жиі айтамыз. Алыс беріс, барыс келіс жыл сайын артып келеді. Былтыр пандемияға қарамастан тауар айналым 20 миллиард долларға жеткен. Десе де қос елдің әлеуеті әлдеқайда жоғары. Сондықтан тараптар көрсеткішті арттыруға мүдделі.

Осы мақсатта Владимир Путин қазақ басшысын Ресейге бірнеше рет шақырған еді. Бейсенбіде Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Мәскеуге арнайы ұшып барды.

Кремльде кездескен президенттер бұған дейін Санкт-Петерборда жүздескен еді. Содан бері бір жарым ай ғана өткенмен, қаншама оқиға болды. Қаңтарда қиын күндерді бастан кешірдік. Владимир Путин осы жайтқа тоқталып, жағдайды реттеу үшін мемлекет басшысының маңызды әрі батыл шешімдер қабылдағанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:  
Шақырғаныңызға рахмет. Бұл менің қаңтар оқиғасынан кейін Ресейге алғашқы сапарым. Қазір елімізге шабуыл жасаған террористер мен бандиттер ұсталып, тергеу жүріп жатыр. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы әскері елде тұрақтылық орнатуға септігін тигізді. Кінәлілер анықталып, лайықты жазасын алады.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:  
Ұйым әскері Қазақстанға көмек қолын созды. Дегенмен Қазақстан басшылығы негізгі рөл атқарды, сондай-ақ өздерінің ісіне, антына және халқына адал құқық қорғау органдары мен қарулы күштер өздеріне жүктелген міндетті орындады. Осы оқиғалар кезінде қираған нысандарды қалпына келтіру үшін көп күш жұмсау қажет екенін де білемін. Бірақ Қазақстан Сіздің табандылығыңыздың арқасында нық тұр және дамып келеді.

Бұдан соң мемлекет басшылары оңаша кеңесті. Талқыланған мәселе өте көп. Оның үстіне биыл жаңа дәуірдегі қазақ-орыс ынтымақтастығына 30 жыл. Осыған орай экономикалық қана емес, мәдени, гуманитарлық, білім, ғылым, салаларында да байланысты бекемдей түсу көзделген. Жабық өткен жиын қорытындысын президенттер төрт сағаттан соң бірлесіп жариялады. Маңызды келісімдердің бірі мынау: елімізде Ресейдегі жетекші техникалық университеттердің филиалдары ашылады. Президент мұны Қазақсанда жүргенде айтқан еді. Бастамасы Мәскеуде қолдау тапты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: 
Қазір МИФИ яғни Мәскеу инженерлік-физикалық институтының филиалын Алматыда, ал Губкин атындағы жоғары оқу орынының бөлімін Атырауда ашу бойынша жұмыс басталды. Тіпті Бауман атындағы атақты техникалық университеттің дипломын да өз жерімізде жүріп алу мүмкіндігі қаралып жатыр.

Қазір Ресейде жеті мыңнан астам қазақ студенті білім алып жүр. Енді әлдеқайда көбеймек. Өйткені «Болашақ» бағдарламасына ресейлік университеттер де қосылады. Осы ретте көрші елдің жоғары оқу орындары әлемдік рейтингте үздіктердің қатарына кірмейді деп сынайтындар бар. Шымкентте туып, Мәскеуде 30 жыл сабақ беретін қазақ инженерінің айтуынша мұның бәрі бос сөз. Талғат Мықтыбаев Илон Масктың өзі инженерлерін ресейлік оқулықпен қайта оқытады дейді.

Тағы бір жаңалық Ресейден елімізге инвестиция артады. Қазірдің өзінде елімізге қаржы құю жағынан көрші ел көш бастап тұр. Әрбір үшінші кәсіпорын ресейлік компанияның қатысуымен бой көтерген. Бұған дейін қос мемлекет 13 жобаны бірлесіп іске асырды. Тағы 11 жобаны бастау мәселесі пысықталды. Қорғаныс саласында да бірлесіп атқарар шаруа көп. Қаңтар оқиғасынан кейін президент бұл салаға ауқымды реформа керектігін айтқан еді.

Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:  
Кездесуде әскери және әскери техникалық сектестікті арттыру жайы талқыланды. Ресей әскери кадрларды даярлауда қолдау көрсетуін жалғастыра береді. Әрі Қазақстан аумағында ресейлік әскери техника өндіретін кәсіпорындар мен қызмет көрсету орталықтарын бірлесіп салуды жалғастырамыз.

Қорғаныс саласы жайлы айта келе президенттер жаһандық қауіпсіздік мәселесіне де тоқталды. Қазір Ресей мен Батыс арасындағы қарым-қатынас ушығып тұр. Осы орайда мемлекет басшысы кез-келген мәселенің бейбіт жолмен шешілеріне сенім білдірді.

Бұдан соң мемлекет басшысы Ресей Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустинмен кездесті. Уағдаластықтарды іске асыру үшін қос елдің министрлер кабинеті тынбай еңбектенуі керек. Өйткені жұмыс көп. Қос мемлекет цифрландыру, ғарыш кеңістігін бірлесіп игеру және атом энергетикасы саласында мамандарды даярлауға да келісті. Бас-аяғы ұзақ мерзімді 11 келісімге қол қойылды. Президент Мәскеуден соң жұмыс сапарымен Қазан қаласына барды.


Хабарламаларға жазылу