Көктемгі дала жұмыстарына арзандатылған жанар-жағармай бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көктемгі дала жұмыстарына арзандатылған жанар-жағармай бөлінді

15.02.2022

Бүгін елордада Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысының 8 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру шаралары пысықталды. Атап айтқанда, тұрын үй нарығы, кеден саласын реттеу, елді газдандыруға қатысты бірқатар жаңашылдықтар айтылды. Қаралған мәселе көп. Дарын Сағитов тарқатады.

Әуелі елдегі әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатында атқарылған жұмыстар пысықталды. Қаңтарда Президент жедел түрде 140 тапсырма берген. Қазір оның 44-і орындалса, 32-і аяқталуға жақын.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Мемлекет басшысының әрбір тапсырмасын жедел әрі тиімді орындауымыз қажет. Біздің басты міндетіміз халықтың табысын арттыру және тұрмыс сапасын жақсарту. Сонымен қатар, бәсекеге қабілетті және әртараптандырылған экономиканы дамытуға күш салуымыз қажет. 
Елде құрылыс саласы үлкен өзгеріске ұшырайды. Үлескерлердің қаражатын тарту тәртібі мен олардың мақсатты жұмсалуын мемлекет бақылайды. Өйткені үлескерлер қаржысына салынған әрбір екінші пәтер жасырын схемамен сатылады. Салады былық көп. Пәтерлерді сатумен компанияға қатысы жоқ үшінші тұлғалар айналысады. Салада бәсекелестік те жоқ. Сондықтан, тұрғын үй нарығында жетекші құрылыс компанияларының үстемдік жүргізуіне тосқауыл қою қажет.
Серік Жұманғарин, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:
Мемлекеттік сатып алу туралы заңда Үкімет айқындайтын тұлғалардан «Бір көзден сатып алу» мүмкіндігі көзделген. Осы тәсілмен, мысалы Түркістан қаласында 566 млрд теңге сомасына конкурс өткізбей 144 объектіні салу қызметтерді жеткізушілері анықталған. 
Осы орайда, Ұлттық компанияларда «бір көзден сатып алу» тәсілі қысқаратылып жатқандығы айтылды. Бұл жұмыстар жалғасады. Ал кеден саласын реттеу үшін жедел іс-шаралар қабылданып жатыр. Цифрландыруға басымдық беріледі. Электрондық шот-фактуралар арқылы тауарларды қадағалау жүйесін одан әрі дамыту жоспарланған.
Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
Бұдан басқа ҚХР-мен кедендік статистиканың алшақтығын төмендету, сондай-ақ кедендік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша кешенді іс-шаралар қабылданып жатыр. Жалпы, биылғы жылы кедендік әкімшілендіруді күшейту есебінен республикалық бюджетке қосымша шамамен 150 млрд теңге түседі деп жоспарлануда.

Болашаққа ұмтылсаң, оған дайындық бүгіннен басталу қажет. Бұл ретте елде атом электр стансасын салу – уақыт талабы. Оның келешегі зор. Энергетика министрі осылай деді. Қазақстанда атом энергетикасын дамыту үшін әлеует жеткілікті. Оның үстіне өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша біздің ел әлемде бірінші орында тұр.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
Өндірістік қуаттардың тозуымен байланысты электр энергиясының алдағы тапшылығын, әлемдік экологиялық күн тәртібіне орай көмір генерациясынан тәуелділігін төмендету қажеттілігін, сондай-ақ Қазақстанның атом энергетикасын дамудың ауқымды әлеуетін ескере отырып, елімізде АЭС-ты салуды неғұрлым перспективалық шешім болып табылады деп пайымдаймыз. 
Жиында газ мәселесі тағы айтылды. Қазір саланы дамытудың кешенді жоспары әзірленіп жатыр. Үкімет басшысы ең алдымен ішкі нарықты газдандыруға тапсырма берді. Бұл – негізгі басымдық. Бұған қоса газ өндірісін ұлғайту қажет. Ол үшін инвесторларға қажетті экономикалық ынталандырулар көзделуі тиіс.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Мемлекет басшысы мұнай-газ жобалары үшін жақсартылған моделдік келісімшарт пен арнайы инвестициялық келісімді әзірлеу арқылы осындай ынталандыруларды енгізуді тапсырған болатын. Сондықтан Энергетика министрлігіне Ұлттық экономика, Қаржы және Әділет министрліктерімен бірлесіп, бір ай мерзімде Үкіметке заңнамалық түзетулердің тиісті пакетін енгізуді тапсырамын. 
Үкімет жайылым мәселесін жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперациялау және кооперативтерге резервтік жер қорынан алқаптар беру арқылы шешпек. Үкімет басшысы жыл соңына дейін халықты жайылыммен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет деді. Көп кешіктірмей көктемгі дала жұмыстары да басталады. Оны уақытылы әрі сапалы жүргізу маңызды. Биыл бұл мақсатқа нарықтық бағадан 15%-ға төмен 400 мың тонна жанар-жағармай бөлінді.
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Министрлікте өңірлердегі көктемгі егіс жұмыстарын үйлестіру жөніндегі жедел штаб құрылды. Жұмысын бастады. Азық-түлік корпорациясының форвардтық сатып алу бағдарламасы арқылы 80 млрд теңге бағытталады, бұл өткен жылдың деңгейінен 2 есе көп.
Президент жүктеген тапсырмалардың бірі - түрлі монополист операторлар мен делдалдар алып отырған комиссиялар мен тарифтерге талдау жүргізу болатын. Үкімет басшысы бүгін мәселені шешуге 1 ай уақыт берді.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу