Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейінгі 40 күн: Алматы облысындағы қазіргі ахуал қандай? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қасіретті қаңтар оқиғасынан кейінгі 40 күн: Алматы облысындағы қазіргі ахуал қандай?

15.02.2022

Талдықорғандағы жаппай тәртіпсіздік кезінде 654 полиция қызметкері зардап шекті. 3 құқық қорғаушы шабуылдаушылар қолынан қаза тапты. Бұзақылар 5 әкімшілік ғимаратқа шабуыл жасап, қиратып кейбірін тіпті өртеп жіберді. Сол қаңтар оқиғасынан бері бір айдан астам уақыт өтті. Қаладағы қазіргі жағдай туралы тілшіміз Қуаныш Қанатұлы баяндасын.

Жергілікті полиция басқармасының аға инспекторы Ринат Саматов қаңтардағы қырғынды ерекше бір күйзеліспен еске алады. 4-і мен 5-інде ол орталық алаңдағы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге шыққандардың қатарында болған. Жерлестерден ондай әрекет күтпеген. Бұзақылар оны таспен ұрып жарақаттаған. Тіпті біреуі үстіне секіріп, басынан да, аяғынан да таспен соққан.

Ринат Саматов, қалалық ЖПБ аға инспекторы: 
Халықтан ондайды күткен жоқпыз. Тек қана қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бәрін кішкене тыныштыққа келтірейік деп сондай ғана мақсатпен тұрғанбыз. Халықты ашуландыратындай қолымызда қару бірдеңе болатын болса түсінетін едім.

Ал Алматы облысының әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбай бесінші қаңтарда жұмысында болған. Дүрбелең басталғанда төменге түсіп, сырттағы бұзақыларды сабырға шақыруға тырысқан. Бірақ ешбірі құлақ аспаған. Қиратты, шақты. Тонады. Артынан өрт қойды.

Ғабит Тұрсынбай, Алматы облысының әдеп жөніндегі уәкілі:
Ел аман, жұрт тыныш болсын деген тілек көп айтылады. Тойларда да айтылады. Отырыстарда да айтылады. Соның бірақ мәніне жете көңіл бөле бермейтін сияқтымыз. Елдің амандығының, жұрттың тыныштығының қандай болатынын сол қаңтардың қайғылы оқиғасы кезінде көрдік қой.

Қалада барлығы 5 ғимарат бүлінген, оларды бастан- аяқ жөндеуге 4,5 млрд теңге қажет. Тіпті техникалық сараптама жұмыстарына ғана 113 млн теңге қарастырылып отыр.

Қуаныш Қанатұлы,  тілші:
 Облыс әкімдігінің ғимаратын бұзып қайтадан сала ма, жоқ әлде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізе ме? Мәселе осы аптада нақты шешімін табады. Ал әзірге өңір басшысы бастаған мемлекеттік қызметкерлер қалалық әкімдік ғимаратында және басқа да әкімшілік ғимараттарда штаттық режимде жұмыстарын жалғастыруда.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу