Қостанай қаласындағы шағын аудан емханасыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай қаласындағы шағын аудан емханасыз қалды

16.02.2022

Қостанай қаласындағы 2 мыңнан аса тұрғыны бар Достық шағын ауданы емханасыз, дәріханасыз қалды. Сонымен қатар кітапхана мен бірнеше спорт секциясы жабылды. Бұған себеп осы әлеуметтік мекемелер орналасқан ортақ ғимарат бір жыл бұрын апатты деп танылған. Ал қала басшылары оның орнына жаңасын салуға асығар емес.

Бұл - бұрын балаларға арналған спорт секцияларының бірі орналасқан бөлме. Кезіндегі сауықтыру орталығы ғимаратында емхана, дәріхана, кітапхана тәрізді тағы бірнеше әлеуметтік мекеме тұрғындарға қызмет етіп келген. Бір жыл бұрын олардың бәрі жұмысын тоқтатты.

Оксана Бочкарёва,  қала тұрғыны: 
Достық ауданы үлкен және жыл өткен сайын тұрғындар саны көбейіп келеді. Сондықтан бұл ауданда дәріхана, кітапхана, балаларға арналған үйірмелер болуы міндетті. Неге біз бірнеше автобус ауыстырып, қаржы шығарып, уақыт жоғалтып қаланың орталығына баруымыз керек?

Достық шағынауданының қала құрамына өткеніне 13 жыл толды. Оған дейін Қостанай ауданына қарасты облыс орталығының іргесіндегі жеке ауыл болатын. Яғни қалаға кірді деген аты болмаса орталықтан едәуір шеткері жатыр. Сондықтан бірінші кезекте қажетті әлеуметтік мекемелердің осы жерде болуы тұрғындар үшін аса маңызды.

Бауыржан Жүсіпов, қала тұрғыны: 
Менің ойымша ғимаратты толық бұзып тастап қайта салу дұрыс емес. Себебі қазір құрылыс материалдары қымбат. Сондықтан бар нәрсені сақтап, оған тек күрделі жөндеу жүргізсе жұмыс та тез бітеді, әрі қыруар қаржы үнемделер еді.

Алайда қала басшылары ғимарат жөндеуге жарамсыз деп отыр.

Тамара Данильчук, Қостанай қалалық құрылыс бөлімінің басшысы: 
Бұл ғимарат техникалық тексеру бойынша апатты деп танылды. Сондықтан оны бұзу қажет. Бұзылып, орны тазартылған соң басқа нысан салып, онда тұрғындарға қажетті барлық әлеуметтік мекемелер орналасатын болады.

Осылай деген қала басшылары әзір жаңа нысан қашан салынатынын нақты айта алмайды. Тек қағаз жүзіндегі жобасын дайындауға 15 млн теңге сұрап бюджеттік өтінім берілген. Бұл өтінім жуырда өтетін қалалық мәслихаттың сессиясында қаралады.

Дәуренбек Әбдібек 


Хабарламаларға жазылу