Алматыдағы «Алтын орда» базарына бәсекелес бола алатындай тағы бір сауда нысанын салу керек. Сонда ғана аты шулы базардағы жағдай реттеліп, көлеңкелі бизнеске тосқауыл қоюға болады», - дейді алматылық сарапшылар. Президенттің де назарына іліккен мәселе қалай шешілмек? 10 мыңға жуық адам сауда жасап, нәпақа тауып отырған базардағы ахуалмен тілшіміз Нұрсұлтан Тілектесов танысып қайтты.
Күніне 10-15 мыңға жуық адам келетін «Алтын орда» базарында сауда қызып тұр. Бизнес нысандағы көлеңкелі тауар айналымы мен басқа да ереже бұзушылықтарды жоюға Президент де пәрмен берген. Ал базар басшылығы тек ұсақ заң бұзушылықтар тіркелгенін айтып отыр.
Жұмадин Патов, базар директорының орынбасары:
1851 «Алтын орда» базары заңнамада көрсетілген ережелерге сай жұмыс істейді. Дегенмен, кейбір олқылықтар болғаны рас. Президентіміз айтқандай: жұмыс істемеген адам ғана қателеспейді. Біздің әкімшілік, бақылаушыларымыз саудагерлер арасында жүйелі түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. )
Аумағы 24 гектарды алып жатқан, базарда 5000-нан аса сауда нүктесі бар. Ал, жалға алушылар саны 2 500-ден асып жығылады. Сарапшылар «Алтын орданы» жабуға үзілді-кесілді қарсы. Себебі, 10 мыңға жуық адам дәл осы жерден нәпақасын тауып отыр.
Сапарбай Жұбаев, экономист:
Оларды есепке алу керек. Жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге алынып, өздерінің салығын мемлекетке өткізу керек. «Алтын орда» осындай екен, ол анаған, мынаған тиесілі екен деп жауып қою дұрыс емес. Оны ақырын заңды түрде қатардағы бәсекелестік ортаға кіргізу керек.
Ал алматылық экономистер алып шаһардың шығыс бөлігінде тағы бір базар салу керек дейді. Бұл көлеңкелі бизнеске тосқауыл қойып әрі бәселекестік ортаны қалыптастырады. Президент назарына іліккен сауда нысанындағы жағдайды реттеу үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары да араласады.
Нұрсұлтан Тілектесов