Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдады

17.02.2022

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ішкі істер министрін қабылдады. Ерлан Тұрғымбаев Президентке еліміздегі құқықтық тәртіпті қалпына келтіру жұмыстары жайында мәлімет берді. Қазір Ішкі істер министрлігінде 2739 қылмыстық іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Ұрлық, заңсыз қару сату, өзгенің мүлкін қасақана бүлдіру және басқа да деректер бойынша іс қозғалып, 271 адам қамауда отыр. Олардың 196-сы бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылғандар. Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, тергеу барысында азаматтардың құқықтары сақталады.

Осы уақытқа дейін 103 азамат тергеу изоляторларынан босатылды. Тағы 200-ден астам күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен шығарылған. Министр Мәжіліс депутаттарына, қоғамдық-бақылау комиссиялары мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдеріне тергеу изоляторларына кіруге мүмкіндік берілгенін жеткізді. Ал Президент елдегі құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, ұсталған адамдардың конституциялық құқықтарын қорғау және қаңтардағы қайғылы жағдайлардың себептеріне объективті тергеу жүргізу жөніндегі жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. 

Хабарламаларға жазылу