Майнинг. Электр энергиясының тапшылығын Энергетика министрі майнерлерден көріп отыр. Болат Ақшолақовтың айтуынша, Президенттің тапсырмасына сай майнерлердің қызметіне байланысты техникалық шарттар қайта қаралады. Басты міндет олардың шын мәнінде қолданатын энергия көлемін анықтау.
Көрерменнің бәрі бұл саланы түсінбейді, ол заңдылық. Сондықтан майнинг деген не? «Ақ» пен «сұр» деп бөлінеді, ол нені білдіреді? Ақшолақов тіпті «сұрын». «қара» деп қоюлатты. Электр энергиясын, қарапайым айтсақ, тоқты жейді деп, неге құзырлы органдар дызылдап отыр? Майнинг фермаларының қожайындары туралы ақпар бар ма? Бұл нарық не нарық өзі? Раушан Сайлауқызы зерттеп көрді.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Алдымен криптовалюта деген не? Осы сауалға жауап берсек. Мәселен, Қазақстанның төл валютасы теңге. Сол сияқты интернеттің де өз валютасы бар. Қолмен ұстауға, сақтауға келмейтін «өте құпия» ақшаны криптовалюта деп атайды. Электронды ақша табу аса қиын емес, компьютер өзі өндіреді. Ол үшін серверлерге тіркелген мынадай қондырғылар өте қиын есептерді шешеді. Яғни, құрылғы берілген алгоритмнің жауабын іздейді. Бір сөзбен айтсақ, есептеуіш машиналардың математикалық шайқасы. Әр есеп шешілген сайын сіздің электронды әмияныңызға бонус түсіп отырады. Цифрлы ақша деп отырғанымыз осы.
Криптавалютаның мыңнан астам түрі бар. Ең танымалы, әрі қымбаты, цифрлы ақшаның алтыны – биткойн. Оны өндіру тәсілін майнинг дейді. 2009 жылы жапондық Сатоши Накамото биткоин желісін іске қосып, алғашқы 50 биткойнды шығарды. 13 жылдың ішінде оның бағасы аспандап кетті. Қазір 1 биткойн – 17 млн теңгеге жуық. Биткойнға дейінгі жиналатын тиынды сатоши дейді. 1 биткойн деп есептелуі үшін – 100 млн сатоши өндірілуі тиіс.
Қуаныш Нұрсила, майнинг компаниясының коммерциялық директоры:
Бұл кәдімгі ойын компьютері Майнинг программалар жасап майнинг жасаймыз.. Яғни бұл құрылғы кәдімгі компьютер сияқты техникалық жағдайын дұрыстап қараса 8-10 жыл істеп тұратын зат. 3-4млн салсаңыздар да сол құрылғыға саласыздар. Болды. Криптавалюта жоқ боп кетсе де бұл аппарат сатып, ақшасын шығаруып алуға болады.
Қуаныш Нұрсила – тәжірибелі майнер. 4 жылдан бері криптовалюта өндірумен айналысады. Құрылғылардың қыр сырын жетік біледі. Алматылық майнер барлық қазақстандықтар осы технологияны меңгерсе деп армандайды.
Қуаныш Нұрсила, майнинг компаниясының коммерциялық директор:
Қазақстан бірінші орынға шығу керекпіз. Бүкіл Қазақстанның халқы қауіпсіздік сөмкесін жасап алу керекпіз. 18 млн халық. 4 млн отбасы. 3 млн теңгеден әрқайсымыз салып алсақ әр қазақстандыққа 150-200 мың түсіп отырады. Сіздер оған уақыт кетірмейсіздер. Ресурс кетірмейсіздер.
Криптовалюта өндіретін есептеуіш машиналардың түр-түрі бар. Елде олардың саны 10 мыңнан асады. Бағасы қуатына қарай 500 мың теңгеден басталады. Неғұрлым қымбат болса, соғұрлым көп пайда әкеледі. Ең көп қолданатын қондырғылар «Асик» пен видеокарталар. Мамандар құрылғыны сатып алуға жинаған қаражаттың тек 10 пайызын ғана жұмсаған жөн деп есептейді. Өйткені техниканың тілін түсінбесең табыс табу оңай емес.
Данил Самсонов, майнер:
Мына қондырғылар дәл қазір криптовалюта өндіріп жатыр. Мұнымен айналысу үшін мынадай аппаратты сатып алу керек. Құрылғылардың қуаттылығына қарай криптовалюта өндіріледі. Біз видеокарта қолданамыз. Бастысы техникалық тетіктерін дұрыс түсіну керек. Алдымен электронды әмиянды құрасыз. Арнайы бағдарлама орнатасыз. Болды. Тоққа қосылса, интернет болса жеткілікті. Есептеуіш машина арқылы ақша әмияныңызға түсіп тұрады.
Криптовалютаны өндіруден бөлек, криптобиржаларда сатуға немесе сатып алуға болады. Электронды әмиянда жиналған қаражатпен өндірушілер өзара саудаласа алады. Қажет болса қолданыстағы ақшаға да алмастырады. Ол үшін арнайы қосымшалар бар. Солардың бірі – «QuantDart» деп аталатын криптовалюталарды басқаруға арналған инвестициялық платформа. Мұнда тіпті жинаған электронды қаражатты сақтандыра аласыз.
Жансая Орынғазина, криптоброкерлік компанияның жетекшісі:
Біз клиенттерге олардың олардың биткойндарын немесе криптовалюталарын фиаттық ақшаға аударуға немесе керісінше көмектесеміз.
Иә, криптовалюта – көпке таңсық сала, атауы жат, түсіну қиын. Бірақ пайдасы шаш етектен. Қазақстанда соңғы 5 жылда күрт дамыды. Әлемдік криптовалютаның 18 пайызы біздің елде өндіріледі. Қажетті аппараттар шетелден әкелінеді. Қазір елде 50 шақты алып ферма бар. Олардың қожайыны кім? Қай елдің азаматтары деген сауалдың жауабын министрліктің өзі білмейді. Жеке компаниялардың көбі Павлодар, Қарағанды, Алматы қалаларында орналасқан. Құрылғыны сатып алып, үйде ақша тауып отырғандар да аз емес.
Абай Шаңғытбаев, ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау комитетінің төрағасы:
Ең бірінші себебі Қытай жауып тастады ғой, бүкіл цифрлық майнигті заңшылық деп жауып тастады. Сондықтан бәрі деген біздің Қазақстан мен Ресейге көше бастады. Екінші біздің электр қуатының тарифі төмен.
Ғимран Әбдірахманов, криптосарапшы:
Сатылым жүріп жатыр. Халқымыз өте белсенді. Олар кәдімгі депозиттерден шаршады. Олар басқа альтернативті инвестиция түріне қызығып жатыр. Халықаралық қаржы орталығы қазір жақсы ортаны құрып жатыр.
Бұған дейін ешкімге бағынбаған еркін сала еді. Енді бақылау күшейді. Биылдан бастап майнингтік компаниялар қызметін заңдастырып, лицензиялауы тиіс. Ол үшін ең алдымен Цифрлы даму министрлігіне жүігініп, тіркелу шарт.
Әсет Ыбраев, ҚР Цифрлы даму, иновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрілігі комитеті Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің сарапшысы:
167 ұйым ресми түрде министрлікті хабардар етті. Оның 78-і ағымдағы уақытта жұмыс жүргізіп жатса, 89-ы енді жоспарлап отырғанын айтты.
Тіркелумен тірлік бітпейді. Криптовалюта өндірушілер биыл сәуірге дейін алғашқы салықтарын төлеуге міндетті.
Айнұр Сартаева, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары:
2022 жылдан бастап цифрлық майнинг үшін төлемақы енгізілген болатын. Оның ставкасы 1 КВТ – 1 теңге. Бірақ та осы ставканы көбейту мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Криптовалюта өндірушілердің заңды түрде жұмыс істеуіне мемлекет қарсы емес. Әрине, кәсібіне адал, құжаты түгел бейнелеп айтқанда - ақ майнерлер болса. Әйтсе де жасырын жұмыс істеп, электр энергиясын шектен тыс тұтынып жатқандар да аз емес. Министрлік оларға «сұр майнерлер» деп ат қойған. Себебі, техникалық құжаттарын өзге кәсіп түріне рәсімдеп, бірақ шын мәнінде майнингпен айналысып отырғандар бар. Жыл сайын 2 пайызға өсетін энергия тұтыну көлемі былтыр 6,1 пайызға дейін өскен. Оңтүстік аймақтарда бұл көрсеткіш 12%. Бұл майнингтік компаниялардың кесірінен деген болжам бар.
Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:
Майнингтің бір техникасы үш бөлмелі пәтерден 8 есе артық энергия тұтынады. Ең жоғары жүктеме тіркелген кезде энергия жүйесінде электр қуатының тапшылығы байқалып отыр. Қажеттіліктің өсуінің негізгі себебі – цифрлік майнинг субъектілерінің қызметі.
Энергетика министрлігі биыл электр тоғын дұрыс қолданбаған, техникалық құжаттары қате 14 майнингтік компанияның жұмысын тоқтатып, құрылғыларын тоқтан ағытып қойды.
Абай Шаңғытбаев, ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау комитетінің төрағасы:
12 обьект Жамбыл облысында табылды, 1 обьект Павлодарда, бір обьект осы Нұр-Сұлтанда табылды. Барлық деген санап келсек, заңсыз «Сұр майнерлар» дейді ғой. Солардың пайдаланған қуаты жаңағы жүзде жиырма сегіз МГБ болды.
Елімізде кеңестік кезеңнен келе жатқан 184 электр станциясы бар. Олардың ескіргені, тозғаны аз емес. Егер «сұр майнерлер» көбейіп, электр энергиясын шектен тыс көп тұтынса, энергия тапшылығы артуы мүмкін. Ал жаңа станция салуға кемі 3-5 жыл уақыт кетеді. Энергетика саласы осыған алаңдаулы.
Абай Шаңғытбаев, ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау комитетінің төрағасы:
Иә. Олар қатты көбейіп кетсе, біздің электр қуаты жетпеуі мүмкін. Сондықтан қазіргі уақытта шектеу қою керек деп біздер ойлаймыз. Ол бірінші. Бірақ заңсыз майнерлерге қою керек.
Сонымен Қазақстан криптовалюта өндіруден әлемдегі ең ірі ойыншылардың біріне айналды. Америкадан кейін екінші орындамыз. Бұл мақтануға тұрарлық па?- деген сауал энергияны шектен тыс пайдаланатындарын естігесін ойландырып тастады. Әйтсе де қатты қысым жасамау керек, дейді сала сарапшылары.
Жансая Орынғазина, криптоброкерлік компанияның жетекшісі:
Әрбір елде әртүрлі. Мысалы Қытай мүлдем тыйым салды. Ресей түсініксіз. Ал Қазақстанда салықты көбейте бастаса бұл бизнес климат инвесторларға ыңғайсыз. Олар басқа оңай бизнес жүретін жаққа кеткісі келеді. Мысалы Америкада электр энергиясы арзан емес. Бірақ ол жақта қысым жоқ.
Шетел демекші, АҚШ, Жапония, Ұлыбритания, Канада елдерінде бұл сала заң аясында жұмыс істейді. Олар биткойнды валюта емес, мүлік деп қарап салық салған. Цифрлы ақшаның милиардері атанғандар аз емес. Америкалық ағайынды Тайлер и Кэмерон Уинклвосс. Олардың цифрлы активтері 2,8 млрд доллардан асады.
Ғимран Әбдірахманов, криптосарапшы:
Негізі шикізатсыз бұл саланың дамуына үлкен үлес қазір. Өйткені өзіңіз білесіз, біз мұнайды үлкен шикізатпен өндіріп жатырмыз. Экспорттың барлығы шикізаттың арқасында. Осы саланы дамытатын болсақ шикізатсыз салаларымыздың дамуына үлес қосар ек.
Қуаныш Нұрсила, майнинг компаниясының коммерциялық директоры:
Майнинг келді. Криптовалюта жасап жатырмыз деп салықты көбейтіп, тоқтың бәрін кесіп тастап емес, біз керісінше майнинг саласын дамытуымыз керек. Салықты сарапшылар дұрыстап зерттеп, электр энергияның қуатын өсіру керек бізде Қазақстанда.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Биткойнның дәурені мәңгі емес. Болжам бойынша 2040 жылы «ауадағы ақшаның» да шегі бітеді. Сондықтан криптовалюта өндірушілер дәл қазір ұрымтал тұсты ұтымды пайдалану керек деп есептейді. Ал елдегі электрлік желінің жалпы қуаты 23 мың мегаватқа жуық. Қазір оның 15-16 мыңын күнделікті тұтынып отырмыз. Коммунизм орнамаса да, электр энергиясыз тіршілік жоқ. Бұл мәселеде маңыздысы – қысып, жоқ қылып жібермеу. Конструктивті шешімін табу. Мысалы, майнингпен айналысатындар электр станцияларын өзіміз саламыз деп отыр, неге талқыламасқа?!