Күн жылынып, жер құрғағанымен Түркістан облысы Шардара ауданының диқандары көктемгі егіске кіресе алмай отыр. Өйткені ағын судың бағасы 2-3 жылдың ішінде үш жарым есеге қымбаттаған. Соның салдарынан диқандардың су шаруашылығына берешегі 35 миллион теңгеден асып кеткен.
Манас Баршамұратов егістік жеріне қол тигізген жоқ. Жерді жыртпақ түгілі, былтыр егілген мақтаның қозасы сол күйі тұр.Өйткені ағын суға қарыз. Бағасы қымбат. Жанға бататыны- сол қымбат судың өзі биыл егістікке келетініне күмәнді. Сондықтан жер айдатып, бос шығынданғысы жоқ.
Манас Баршамұратов, шаруа:
Су жетпейді. Былтырдан бері жанжал, су қымбат. Суға жарымаймыз. Су төбемізде тұр. Сөйтіп мына шаруалар алға қарай беттегісі жоқ. Жердің жатқаны мынау айдалмай.
Аудандағы 5 мыңға тарта шаруа қожалығының биылғы ахуалы осы. Ағын судың мың текше метрі үш жыл бұрын 232 теңге болса, былтыр 800 теңгеге жуықтады. Шардараның жері құмдауыт болғандықтан егіске келген ағын судың 46 пайызы жерге сіңіп кетеді. Бұл іргелес аудандарда 10 пайыздың төңірегінде. Шаруаның ашынатыны, жерге сіңіп, дарияға қайта қосылған суға да ақы төлеуге мәжбүр.
Қабланбек Жұмабек, шаруа қожалығының төрағасы:
Біз алған 100 литр судың 56 литрі тек қана егіске кіреді. Біз сол суға төлеуіміз керек. 56 КПД болса қалғаны жер асты фильтрациясына кетіп жатыр. Біз жалпы суға төлеп отырмыз. Бруттоға. Негізі неттоға төлеуіміз керек.
Шардаралық шаруалар бір жылда 430 миллион текше метр су тұтынса, соның 250 текше метрі жерге сіңіп кетеді. Бұған каналдардың бетондалмауы мен ішкі су жүйелерінің ұзындығы себеп. Тағы бір мәселе, судың тарифі біркелкі емес. Үш ауылдық округте арзандау, қалғандары олардан артық төлейді.
Бекмаханбет Кеншім, шаруа қожалығының төрағасы:
Біздер ол кісілермен салыстырғанда 3-4 мың теңге гектарына шаққанда қымбат төлейміз. Өткен жылы біз гектарына 8 мың теңге төлеп отырған болсақ, биыл 14 мың теңгенің көлемінде болып отыр.
Еліміздің су ресурстары комитеті ағын су тарифі жүйелерді реконструкциялау және күтіп ұстауға кететін шығындардың көбеюіне байланысты қымбаттағанын айтады. Енді оны қайта төмендету жолдары қарастырылуда.
Мақсат Аяшев, Су ресурстары комитеті төрағасының орынбасары:
Қазақ ұлттық зерттеу институты бар. Сол институт арнайы методикасын қайта қарстырады. Соның негізінде біз нормаларды өзгертеміз.
Әзірге тарифті азайту үшін нақты нендей шаралар қабылданатыны белгсіз. Ол үшін дифференциялды төлем енгізілуі де мүмкін. Бірақ оның бәрі тек келер жылдың еншісіне қалып тұр.
Ғани Қалмаханов