Елордада ерекше балалармен жұмыс жасау техникасын үйрететін кітаптың тұсаукесері өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада ерекше балалармен жұмыс жасау техникасын үйрететін кітаптың тұсаукесері өтті

23.02.2022

Елімізде аутизмге шалдыққан балалар қатары жыл санап артып келеді. Оларды 100% емдеп жазу сирек кездесетін құбылыс. Бірақ дамыту, оқыту арқылы қоғамға бейімдеуге мүмкіндік бар. Сондықтан бүгін елордада ерекше балалармен жұмыс жасау техникасын үйрететін кітаптың тұсаукесері өтті. Оқулық арқылы кез келген маман әрі кез келген ата-ана оң нәтижелерге қол жеткізеді.

Арланға небәрі 2 жастан асқан шақта аутизм диагнозы қойылды. Ол кезде елімізде инклюзиялық білім дамымаған. Білікті маман жоқтың қасы. Сондықтан анасы бар жігерін жиып, осы саланы зерттеуге кіріскен. Ресейде білім алып, АВА-терапиясы арқылы ұлын қоғамға бейімдеді.

АВА терапия – мінез-құлқында проблемасы бар, дамуы кешеуілдеген балалармен жұмыс жүргізуге арналған әдістер жиынтығы. Бүгін осы АВА техникасын қарапайым тілмен түсіндіретін кітаптың тұсаукесері өтті. «Ерекше балалар» деп аталатын оқулық «Болашақ» қорының ұйымдастыруымен қазақ тілінде жарық көрді. 3000 данамен басылып шыққан кітап ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға, мамандарға және арнайы орталықтарға тегін таратылады.

Ресми дерекке сүйенсек, елімізде ерекше білім беруді қажет ететін 175 мың бала бар. Әсіресе аутизмге шалдыққандар саны күрт артып отыр. Әрбір мүгедектің үштен бірі - аутист. Өсім дәл осындай қарқынмен жалғасар болса, сау балалардың жүзден біріне аутизм диагнозы қойылуы мүмкін. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жылдам қарқынмен жалғастыру қажет.

Қазақстанда 10 жасқа дейінгі ерекше балаларға қолдау көрсетіледі, инклюзия сыныптары жұмыс істейді, арнайы орталықтар бар. Ал 10 жастан кейін баланы ары қарай дамыту мүмкіндігі жоқтың қасы. Аутист балаларды 100% емдеп жазу сирек кездесетін құбылыс. Бірақ дамыту, оқыту арқылы қоғамға бейімдеуге мүмкіндік бар.

Ақниет Балтанова, тілші:

Осы орайда тағы бір өзекті мәселені атап өткен жөн. Елорданың бірде бір оқу орнында дефектолог мамандар оқытылмайды. Сондықтан көбіне басқа өңірлерге, яғни Қарағанды, Шығыс Қазақстан сияқты кадр даярлайтын аймақтарға сұрау салуға тура келеді. Ал мықты маман қашанда керек-ақ.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу