Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында сауда-саттық артады. Бүгін Елордада 5 елдің премьер-министрлері 11 құжатқа қол қойды. Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында экономикалық дамыту мәселелер талқыланып, бірлескен жобалар қабылданды.
Бестік одақ – сауда-экономикалық дәліз іспетті. Елдер арасында алыс-беріс, барыс-келіс қарқынды. Бірақ, сауда-саттықты күшейтуде шектеулер әлі де бар. Аймақтық сертификаттауға қол жете бермейді, санитарлық, ветеринарлық бағыттағы негізсіз тексерістер, кедендік бақылаудағы былық тағы бар. Ішкі нарықтың тұрақтылығын қамту үшін кедергісіз орта керек.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:
Егер біз ашық нарық құруға мүдделі болсақ, онда ілгері жылжуға ықпал ететін шешім қабылдауымыз қажет. Комиссияға қолданылып отырған кедергілерді экономикалық бағалау әдістемесін әзірлеуді ұсынамыз. Кедергінің бар екенін нақтылаудан басқа, бизнеске және жалпы интеграцияға келтірілген залалды бағалау қажет.
Одақ әу бастан тауар экспортына екпін қойған. Бірақ әлі де нәтиже жеткіліксіз. Тауарлардың еркін транзитіне қатысты проблемалар бизнесті тұншықтырып отыр. Өйткені, шарттардың біразы тиімсіз. Әсіресе, теңізге тікелей шыға алмайтын мемлекеттер үшін қиын. Отырыста тараптар біраз мәселені талқылады. Инвестиция тарту жұмысы баяу. Микроэлектроника, биотехнология бағыттарына бетбұрыс керек. Цифрлық технологияның көшінен қалмау – уақыт талабы. Одақ енді мүше мемлекеттердегі халықтың әл-ауқатын жақсартуға күш салмақ.
Михаил Мясникович, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы:
Әлеуметтік саясат мәселесіне мән беруіміз керек. Бұрын сауда, тауар айналымына басымдық берсек, енді адамдардың әл-ауқатына назар аударуымыз керек. Жұмыссыздықпен күресте бірлесіп жұмыс істеуіміз қажет. Одақтас елдер арасында былтыр жұмыссыздық 67 пайызға қысқарды. Жақсы көрсеткіш. Әлі де күресті жалғастырамыз.
Жиын қорытындысы бойынша 11 құжат қабылданды. Олардың қатарында ауыл шаруашылығы өнімдерін теміржолмен жедел тасымалдау жөнінде бірлескен жоба қабылданды. Сонымен қатар көлік құралдарының жекелеген түрлеріне қатысты комиссияның кейбір шешіміне өзгерістер енгізді.
Асима Нұрбайқызы, тілші:
Еуразиялық экономикалық одақ – бес елдің 180 миллионнан астам халқын біріктіріп отырған алып нарық. Қатары көп ұзамай тағы артуы мүмкін. Интеграцияға Өзбекстан иек артып отыр. Бүгінгі отырыста одаққа қосылуға қатысты әзірліктің күшейтілгенін жеткізді. Ал Үкіметаралық кеңестің келесі басқосуы осы жылдың маусым айында Беларусь елінің Брест қаласында өтеді.
Асима Нұрбайқызы