Түркия Ресей кемелерін бұғаздан өткізбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркия Ресей кемелерін бұғаздан өткізбейді

28.02.2022

Түркия Ресейдің әскери кемелерін Босфор мен Дарданелла бұғаздарынан өткізбеу туралы шешім қабылдады. Бұл қарар Қара теңіз бен оған жалғасатын бұғаздардың жағдайы туралы Монтре конвенциясына сүйене отырып қабылданды. Бұл туралы Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлут Чавушоғлу айтты. Шығарылған шешімге сай бұғаздардан тек әскери мақсаттағы немесе қару-жарақ тасымалдаушы кемелердің өтуіне ғана тыйым салынады. Ал өзге тауар тасымалдаушы кемелердің өтуіне ешқандай кедергі жоқ. Қазір Ресейдің бірнеше кемесі бұғаздан өте алмай Түркия аумағындағы Ақ теңізде тоқтап тұр.

Мевлүт Чавушоғлу, Түркияның сыртқы істер министрі:

Бастапқыда бұл соғыс емес, әскери операция деп жарияланды. Алайда біз бұл шешімді арнайы мамандармен, әскерилермен, заңгерлермен ақылдаса отырып шығардық. Себебі қазір бірнеше қаланы шарпыған бұл операция толыққанды соғысқа айналды. Тараптар арасындағы қақтығыстар соның айғағы. Әскери операция дейтіндей бір-екі зымыран атылып қана қойған жоқ, кәдімгі соғыс болып жатыр.

1936 жылы 10 елдің қатысуымен Швейцарияның Монтре қаласында қабылданған конвенцияда Қара теңіз бен бұғаздардың жаңа статусы айқындалған болатын. 29 тараудан тұратын келісімге сай соғыс жағдайында немесе өзіне қауіп төніп тұрғанда Түркия Қара теңізді мұхитқа жалғап тұрған Босфор мен Дарданелла бұғаздарын әскери кемелер үшін толық жауып тастауға құқылы.


Хабарламаларға жазылу