Украинадағы операцияның басталғанына бесінші күн. Қазір Киев пен Мәскеу делегациялары Беларусь шекарасында келіссөз өткізіп жатыр. Оның немен аяқталары белгісіз. Ал, қақтығыстар жалғасып жатыр. Соңғы деректерге сай, ресейлік күштер Украинаның оңтүстік-шығысындағы екі шағын қаланы бақылауға алған. Президент Владимр Зеленский болса, қарсы жақтың 4 жарым мың адамнан айрылғанын хабарлады.
Әскери қақтығыстар кезінде 352 адам қаза тапты
Ресей мен Украина армиялары арасындағы ірі шайқастар Киевтің айналасы мен Харковьте және Херсон, Мариуполь қалалары үшін жалғасып жатыр. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, 422 мың адам көрші елдерге қашып, 352-сі қаза тапты. Құрбандардың 14-і – балалар. Ал, босқындар саны 7 миллионға жетеді деген болжам бар.
Мишель Бачелет, БҰҰ-ның адам құқығы бойынша жоғары комиссары:
Бейбіт тұрғындардың көбі жарылғыш заттардан қаза тапқан. Олардың нақты саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Ал миллиондаған адам метроларда бомбадан қорғануға мәжбүр.
Қорғаныс министрлігі Ресей күштері «запорожская» АЭС-ін басып алғанын мәлімдеді
Ресей авиациясы болса, Украина аспанын толық бақылауға алғанын мәлімдеп отыр. Ал осы елдің Қорғаныс министрлігінің өкілі Игорь Конашенков Ресей әскері «Запорожская» атом электр станциясын басып алғанын хабарлады.
Игорь Конашенков, Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі:
Әскери операция басталғаннан бері ресейлік күштер Украинаның 1114 әскери инфрақұрылым дық нысанына соққы берді. 314 танкісі мен басқа да техникасын, 57 зымыран ұшыру жүйесін жойды. Запорожская атом электр станциясы толық бақылауға алынды.
Украина тарапы АЭС-тің басып алынғанын жоққа шығарды. Дегенмен, ресми Киев Бердянск қаласы ресейлік күштердің бақылауына өткенін растап отыр. Президент Владимир Зеленский болса, 4500 ресейліктің қаза тапқанын жариялады. Сонымен қатар, ол қолына қару алған әрбір әскери қызметшіге айына 100 мың гривна немесе 3400 доллар төленетінін хабарлады.
Украина дағдарысы күшейген шақта, Еуропа одағының 27 елі Украина армиясына қару сатып алуға 450 миллион еуро бөлу туралы шешім қабылдады. Одақ өз тарихында мұндай қадамға алғаш рет барып отыр. Аталған қаржы соғыс ұшақтары мен тікұшақтарды құлататын Стингер зымырандарына да жұмсалады. Сонымен қатар, Еуропа одағы Ресей ұшақтары үшін өзінің әуе кеңістігін жабуға уағдаласты.
Урсула Фон Дер Ляйен, Еурокомиссия төрағасы:
Еуропалық Одақ Украинаны қолдауды және Ресейге қарсы санкцияларды күшейтеді. Тарихта алғаш рет Одақ шабуылға ұшыраған елге қару сату мен тасымалдауды қаржыландырайын деп отыр.
Зеленский Украинаны Еуроодаққа қосуға өтініш білдірді
Ал Украина президенті Владимир Зеленский осы одаққа Украинаны жаңа арнайы процедурамен қабылдауға өтініш білдірді.
Владимир Зеленский, Украина президенті:
ЕуроОдақта Украинаны өз қатарына шұғыл түрде қабылдауды сұраймыз. Біздің мақсатымыз еуропалықтармен бірге болу. Біз бұған лайықтымыз.
Қазір Украина-Ресей делегациялары келіссөз өткізіп жатыр. Кездесу Беларусь пен Украина шекарасындағы Припять өзені маңында басталды. Украина тарапының мәлімдеуінше, күн тәртібінде тұрған басты мәселе - атысты тоқтату және ел аумағынан ресейлік әскерді шығару. Мәскеулік делегацияның басшысы Владимир Мединский болса, Кремль келісімге мүдделі, алайда ол пәтуа екі тарап үшін де тиімді болуы тиіс.
Арай Төлегенқызы