Украина-Ресей келіссөздері ертең қайта басталуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина-Ресей келіссөздері ертең қайта басталуы мүмкін

01.03.2022

Бүгін Беларусь президенті Александр Лукашенко Украинаға жауынгер жібермейтінін тағы да ескертті. Айта кетсек, осыдан бірер сағат бұрын Украинаның «Солтүстік» атты территориялық қорғаныс басқармасының аймақтық өкілі Беларусь қарулы күштерінің елдің Чернигов облысына кіргенін хабарлаған еді.

Ал, Украинаның екінші ірі қаласы - Харковьтың орталық алаңындағы облыстық әкімшілік ғимараты маңында жойқын жарылыс болды. Мұны елдің Мемлекеттік төтенше жағдайлар қызметі хабарлады. Оның дерегінше, азаматтық нысанға Ресей ракетамен соққы берген. Дегенмен, Мәскеу бұл оқиғаға қатысты түсініктеме бермей отыр.

Елдің ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, соққыдан10 адам қаза тауып, 20-сы жараланған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясында Украинадағы жағдайға байланысты төтенше әрі арнайы сессия өтіп, онда арнайы операцияны дереу тоқтату туралы үндеу жасалды.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

«Қазір қарулар сөйлеп жатыр, бірақ диалогқа да әрқашан жол ашық болуы керек. Шынайы келіссөздер жүргізіп, барлық мәселелерді бейбіт жолмен шешу ешқашан кеш емес».

Ал, спутниктен түсірілген мына суреттерге қарағанда, Ресейдің жаяу әскерінің конвойы Киевке жақындап барады. Кейбір мәліметтерге қарағанда, құрамына брондалған техника, танкілер, артиллерия және өзге де логистикалық машиналар енген әскери лектің ұзындығы 60 шақырымнан асады.

Құрбандар туралы ақпараттарға жүгінсек, Украина қорғаныс министрлігі Ресейдің 5710 жауынгерінің мерт болғанын хабарлады. Алайда, Мәскеу мұны растамай отыр. Украина армиясының нақты қанша сарбаз жоғалтқаны белгісіз.

Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, Украинаның 136 бейбіт тұрғыны мерт болып, көрші елдерге 500 мыңнан астам адам қашты. Босқындар саны таяуда 7 миллионға жетуі мүмкін.

Влада Боговик, Днепро қаласының тұрғыны: 

Бұл қайғылы саяхат. Днепродан кетіп жатырмыз. Қазір аздап тыныш, бірақ ерте ме, кеш пе бәрі болуы мүмкін. Сондықтан мен, балаларыммен, анаммен Польшаға барамын. Содан кейін - Германияға.

Өткен тәулікте Ресей мен Украина делегаттары Украина мен Беларусь шекарасы бойында келіссөздер жүргізді. Нақты нәтиже жоқ, бірақ тараптар екінші раундқа келісті. Ол ертең өтеді деген болжам бар.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу