Депозитке сыйақы төлеу тиімсіз шара. Бүгін Мәжіліс депутаты теңгедегі салымға бір реттік сыйақы төлеу туралы бастамаға қарсылық білдірді. Аманжан Жамаловтың айтуынша, банктерде онсыз да жинағы бар адамдарға қолдау көрсетудің қажеті жоқ. Өйткені депозит көлемі 7 триллион теңгеге жуық. Яғни келесі жылы ақпан айында осы клиенттерге 700 миллиард теңгедей сыйақы төлеу қажет болады. Оның орнына бұл қаражатты көмекке мұқтаж азамттарға бөлу керек, дейді Жамалов. Сол үшін Премьер-Министрге сауал жолдап, бұл шешімнен бас тартуын сұрады. Айта кетейік бұған дейін Үкімет пен Ұлттық банк қаржы нарығындағы тұрақтылықты сақтау үшін теңгедегі депозиті бар салымшыларға 10 пайыз сыйақы төлеу туралы шешім қабылдаған еді.