Олимпиада чемпиондарына өмір бойы төленетін қаражат көлемі көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олимпиада чемпиондарына өмір бойы төленетін қаражат көлемі көбейді

02.03.2022

Олимпиада чемпиондарына өмір бойы төленетін қаражат көлемі көбеймек. Бұған дейін ай сайын 70 мың төленіп келсе, енді бұл сома 4 есе өсті. Десе де, спорттағы проблемалар қаржыландыруға ғана тіреліп тұрған жоқ. Олимпиада резервін дайындаудың біртұтас жүйесін құру керек. Мәденит және спорт министрлігінің алқа отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов осылай деді.
Қысқы Олимпиада – спорт саласындағы біраз проблеманың бетін ашты. Десе де өткен істі сынаудан гөрі, сабақ алу маңызды. Олимпиада резервін дайындаудың біртұтас жүйесін құру керек.
Ералы Тоғжанов, ҚР Премьер-Министрдің орынбасары:
Олимпиадалық спорт түрлерінен алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесін зерттеп, спорт резервін дайындаудың ұлттық моделін тапсырамын. База жоқ. анау аз, мынау аз деген әңгімені де көтеріп жатыр. 2008-де Пекинде болған. 2012-де Лонданда, 2016 Рио-Де-Жанейро да керемет нәтижелерге жеттік емес пе?. Ол кездегі материалдық база төмен болған жоқ па?Неге үлкен нәтижеге жеттік, себебі ол жерде бәрі ұйымдастырумен байланысты екенін жақсы білеміздер.
Ұйымдастыру жұмыстарынан бөлек тәжірибелі бапкерлер жоқ. Спорт шеберлерінің пікірінше инфрақұрылым сылтау ғана.
Дәулет Тұрлыханов, КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері: 
Спорттық кешендер жетпейді, жағдай жасалмаған деп сылтауратудың қажеті жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері өте көп спорттық кешендер салынды. Негізгі мәселе жаттықтырушыларды көбейту керек. Оларға жағдай жасау керек.
Вице-Премьер жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру және сертификаттау институтын құруды тапсырды. Институт спорт әлеміндегі жаңа бағыттарға сәйкес жаттықтырушы кадрларды қайта даярлауы тиіс. Әрі келешекте чемпиондар дайындау үшін ең әуелі олардың тамақтану тәртібін бақылау керек.
Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
 Кириежкимен қоректеніп отырған балалардан чемпион шығады, қайраткер шығады деп ойламаймын. Көп нәрсені айта бергеннен ештеңе шықпайды. Істеу керек. Жаңағы соткаға байланып отырған балаларды спорт алаңына алып келудің амалын табайық.
Спорт саласын дамыту - мемлекеттің ғана міндеті емес. Әр азамат үлес қоса алады. Мәселен, терісекейлік кәсіпкер Қайырбек Хамзин ауылдағы спорт клубын қаржыландырады. Бүгінде оның волейбол командасы Азия ойындарына жолдама алды.
Ал министрдің жоспары көп. Ең әуелі ескірген спорт кешендерін жөнге келтірмек. Бұдан бөлек, чемпиондарға жағдай жасалады. Бұған дейін 70 мың теңге алып келген олимпиада чемпиондары, енді 306 мың теңге алады.
Дәурен Абаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі:
 Бүгінде үстемеақы шамамен 70 мың теңге ғана. Бұл мүлдем дұрыс емес сияқты. Сондықтан, егер адам жетістікке жетіп, үлгі көрсетсе, онда ол материалдық тұрғыда лайықты қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл мәселені пысықтап жатырмыз.
Министрліктің тағы бір міндеті – 2025 жылға дейін қазақстандықтардың жартысы спортпен айналысатындай мүмкіндік жасау.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу