Ресей операциясы басталғалы бері Украинадан 800 мыңнан астам адам кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей операциясы басталғалы бері Украинадан 800 мыңнан астам адам кеткен

02.03.2022

Украина-Ресей келіссөзінің екінші раунды бүгін өтеді. Қос тарап өкілдері бұл ақпаратты растап отыр. Харковь қаласында бірнеше ғимаратқа зымыран түсті. Қаза тапқандар бар. Ресей қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, Херсон қаласы толықтай ресейлік әскерилердің бақылауына өткен. Тақырыпты Арай Төлегенқызы жалғастырады.

Бірер сағат бұрын түскен ақпаратқа сай, Украина-Ресей келіссөзінің екінші раунды бүгін өтеді. Қос тарап делегациялары қайта басқосуға келіскен. Олар алғаш рет Беларусьтің Гомель қаласында екі күн бұрын кездескен еді.

Ал Украинада қалаларға соққы беру жиілеп кетті. Бүгін Харковь қаласындағы полиция басқармасы, қауіпсіздік қызметі мен университет ғимаратына зымыран түсті. Қаланың төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, одан 4 адам мерт болған. Жалпы соңғы тәулікте қалада жарылыстардан 21 адам қаза тауып, 100-ден астамы жараланған. Мәскеу бұған қатысты түсініктеме бермей отыр.
Сонымен бірге Херсон қаласы ресейлік күштердің бақылауына өтті деген ақпарат тарады. Қала әкімшілігі мұны жоққа шығарып, Херсонның қоршауға алынғанын растап отыр. Ресей қорғаныс министрлігі бұған қатысты мәлімдеме жасады.

Игорь Конашенков, Ресей Қорғаныс министрлігінің өкілі:
Херсон облыстық орталығы ресейлік күштердің толық бақылауына өтті. Азаматтық нысандар, маңызды инфрақұрылым мен қоғамдық көлік күнделікті тәртіппен жұмыс істеп жатыр.
Украина Қарулы күштерінің бас штабының мәліметінше, Ресей әскері Украинаға кіргелі бері 5840 сарбазынан айырылған. Ресейге тиесілі 211 танк, 862 брондалған әскери машина, 30 ұшақ, 31 тікұшақ пен басқа да әскери техникасы жойылды. Ал Украинаның қанша сарбаз жоғалтқаны әзірге белгісіз.

БҰҰ-ның мәліметіне сай, Ресей операциясы басталғалы бері Украинадан 800 мыңнан астам адам кеткен. Олар Румыния, Польша, Словакия сынды көршілес елдерге барып жатыр. Еуропа елдері украиналықтарға мейлінше көмек беруге дайын екенін мәлімдеп отыр.
Жан Мишель, Еуропа кеңесінің төрағасы:
Жағдай қиын, қайғылы. Бомбалаудан қашып, жақындарын тастап кетуге мәжбүр болған жандарға қол ұшын созу қажет. Бұл - еуропалықтардың моральдық міндеті.
Ал, Президент Джо Байден Конгресс алдында дәстүр бойынша үндеу жолдап, Ресейге қарсы санкциялардың әрі қарай күшейтілетінін ескертті. Америка Құрама Штаттары Ресей ұшақтары үшін өзінің әуе кеңістігін жапты. Осыған дейін мұндай қадамға Еуропа одағы мен Канада барғаны белгілі.

Тағы бір айта кететін жайт - Батыс елдері Ресей экономикасын жаһандық қаржы жүйесінен ажыратып, халықаралық компанияларды Мәскеумен байланыстарды үзуге және ондаған миллиард доллар инвестицияны кері шығаруға итермелеп отыр. Солардың қатарында Американың Боинг, Форд, Эксон Мобил корпорациялары мен британдық Бритиш Петролиум мен Shell бар. Ал, Apple Ресейде iPhone мен өзге өнімдерін сатуды доғарды.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу