Ауыл жастарына арналған «Өрлеу» жобасы жүзеге асады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл жастарына арналған «Өрлеу» жобасы жүзеге асады

03.03.2022

Ауыл жастарына «Өрлеу» атты жаңа жоба ұсынылады. Оның аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастардың шығармашылық қабілеттерін шыңдауға арналған, оларды кәсіп ашып, табысты болуға ынталандыратын кешенді шаралар жүзеге асырылмақ. Бұл туралы «Amanat» партиясының кезектен тыс съезінде мәлім болды. Көп ұзамай «Jas Otan» жастар қанатының жұмысы да жаңғырып, жастардың қатары нағыз көшбасшылармен толығуы тиіс.

Маңғыстаулық жастар бұл бастамаларды «әрқайсымызға берілген жаңа мүмкіндік» деп қабылдады. «Jas Otan» жастар қанатының мүшесі Жанаман Бақтөреев – жоғары оқу орнында жастарға әлеуметтік қолдау көрсету және дамыту басқармасының жетекшісі. Студенттердің тыныс-тіршілігімен жақсы таныс. Сондықтан, партия құрылтайында ұсынылған тың жоба жастардың тұлғалық дамуына оң ықпал етеріне сенімді.

Жанаман Бақтөреев, шығармашылық жетекшісі:

Біздің университетімізде жастардың көбісі осы Маңғыстаудың әр ауылдарынан жинақталған жастар. Жастар жақсы түсініп, бірнеше тілді меңгеріп, заманауи техникаларды солардың тілін білу, дамытып қолдана білсе, біздің жастарымыз басқа елдің жастарынан кем емес. Әлемдік деңгейде әлемдік аренада көрінетіні сөзсіз.

22 жасында 3 түрлі кәсіпті дөңгелетіп отырған Эльмира Палуанова жаңа жобадан шет қалмауға шақырды. Жас кәсіпкер табандылығы мен еңбексүйгіштігінің арқасында 7 жылда сұлулық салонын, той ұйымдастыру және кинозал мен балалар ойын орталықтарын ашқан.

Эльмира Палуанова, кәсіпкер:

Жастарға жұмыс жасауға, бизнес бастауға өте көптеген қолдаулар бар. Жоқ емес. Жоқ кезінде де бастадық. Қазір мен жасаймын деген адамға жұмыс өте көп. Ездену керек, ерінбеу керек. Осындай бізге жақсы мүмкіндік жасаған уақытта осы программаларды естіп каждыйына бару керек.

Жас ұрпақты отансүйгіштікке баулу да - маңызды. Сондықтан таяуда «Қайсар» атты тағы бір жаңа әскери-патриоттық жоба жүзеге аспақ. Мақсат - ел қорғайтын, мемлекетімізге қызмет ететін ержүрек азаматтарды тәрбиелеу.

Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу