Түркияда бүгіннен бастап маска тағу талабы алынып тасталды. Бұл жаңалықты елдің Денсаулық сақтау министрі жариялады. Бұдан бөлек, науқас симптомы жоқ адамдардан ел аумағындағы сапарлар кезінде ПТР тест талап етілмейтін болды. Тағы қандай каратнтиндік жеңілдіктер бар екен? Бізбен тікелей байланысқа шығып тұрған Түркиядағы тілшіміз Айдос Әшімұлынан білейік.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Түркияда екі жылдан кейін алғаш рет міндетті маска тағу талабы алынып тасталды. Дегенмен әлеуметтік арақашықтық сақтау мүмкін емес жерлерде, яғни автобустарда, ұшақта, кинотеатрлар мен мектепте әлі де маска тағу талабы сақталады. Сондай-ақ ешқандай мекеме Түркия аумағында ПТР тест талап етпейтін болды. Тек нақты науқас белгілері бар адамдардан ғана тест сұралады. Бұдан бөлек бүгінге дейін барлық ғимараттарға кірерде талап етілетін біздегі «Ashyq» жүйесінің аналогы ХЕС коды да бүгіннен бастап еш жерде сұралмайтын болды. Денсаулық сақтау министрі елдегі эпидахуал күннен күнге жақсарып келе жатқанын айтады.
Фахреттин Қожа, Түркияның денсаулық сақтау министрі:
Соңғы екі аптада коронавирус белгісімен ауруханаға түскен адамдар саны күрт азайды.Өткен айда қайтыс болған науқастардың тек 8 пайызы коронавирустан екені анықталды. Бір сөзбен айтқанда біз вакцина мен сақтық шараларының арқасында вирусты барынша әлсіреттік.
Айдос Әшімұлы, тілші:
Елде әлі де вакциналау қауырт жүріп жатыр. Бүгінге дейін 53 млнға жуық адамға екпенің екі компоненті де салынған. Бұл 18 жастан асқан азаматтардың 85 пайызы. Яғни мамандар елде қоғамдық иммунитет қалыптасты деген пікірде. Енді түркиялық ғалымдар 12 жастан асқан балаларға да вакцина салу мәселесін зерттеп жатыр.