Қазақстандық ғалым қант диабетін емдеуге арналған бірегей жасуша ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандық ғалым қант диабетін емдеуге арналған бірегей жасуша ойлап тапты

03.03.2022

Қазақ ғалымы қант диабетінің емін тапты. Биотехнолог Бақытжан Әлжанұлы бірінші типті қант диабетін емдеуге арналған жасушаны зерттеп тиімділігін дәлелдеді. Емнің ерекшелігі сол, инсулинді өндіріп қана қоймай, оның денедегі деңгейін өз бетінше реттеуге мүмкіндік береді.

Әлемде қант диабетінің емі жоқ. Пациенттер дәріге тәуелді. Дүниежүзінің ғалымдары аурудың емін әлі де зерттеп жүр. Ал қазақстандық ғалым Бақытжан Әлжанұлы бұрын-соңды ғылымда қолданылмаған бета-клеткаларды алу әдісі арқылы бірегей нәтижелерге қол жеткізді.

Бақытжан Әлжанұлы, ҚР БҒМ молекулярлық биология және биохимия институтының ғалымы: 
Жасуша геномын өңдеу үшін қолданылатын CRISPR технологияны пайдалана отырып, біз инсулин синтезіне жауап беретін ұйқы безінің жаңа жасушалық тізбегін жасадық. Нақты түсіндіріп өтсем, алынған жасушалар ерекше сипатқа ие, яғни жарықтың әсерінен олар инсулин деңгейін жоғарылатуы немесе оны төмендетуі мүмкін. Негізгі мақсатымыз І типті қант диабетін емдеудің заманауи тәсілдерін табу. Яғни бұл емнің ерекшелігі - табиғи инсулинін шығаратын жасушалық терапия жасалады.

Емнің ерекшелігі сол науқастар дәріге тәуелді болмайды. Жасуша І типпен ауыратын науқасдың ұйқы безіне трансплантацияланады. Ары қарай клетка денедегі инсулин деңгейін өзі реттейді.

Бақытжан Әлжанұлы, ҚР БҒМ молекулярлық биология және биохимия институтының ғалымы: 
Ерекше тәсіл ғылыми тілде - дифференциация және геномды редакциялау әдістері арқылы жасалды. Дифференциация деп отырғанымыз - бұл адам жасушаларын ағзадағы кез келген органның жаңа жасушаларын алу үшін материал көзі ретінде пайдалану әдісі. Зерттеу кезінде бағаналы жасушалардан өңделген геномы бар ұйқы безінің жасушаларын алдық.

Бұл - әлемде алғаш рет ойлап табылған әдіс. Бақытжан Әлжанұлы ғылыми-зерттеу жұмыстарын 2018 жылы Канадада бастап, былтырдан бері еліміздегі Молекулярлық биология және биохимия институтының базасында сәтті аяқтады. Қазақстанда 400 мыңға жуық адам қант диабетімен ауырады. Оның отыз мыңы І тип. Дертіне дауа іздеген науқастар осындай ерекше емге зәру. Ғалым ғылыми еңбегін әлі де жетілдірмек. Содан кейін ғана қолданысқа енгізу мәселесі қарастырылады.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу