Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинамен екіжақты келіссөздердің бірнеше сағатта басталатынын мәлімдеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинамен екіжақты келіссөздердің бірнеше сағатта басталатынын мәлімдеді

03.03.2022

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинадағы дағдарысты еңсерудің жолы табылатынына күмән келтірмейтінін мәлімдеді. Және де Мәскеу екіжақты келіссөздердің бірнеше сағатта басталатынын хабарлап отыр. Ал, Украинада қашқан босқындар саны бір миллионға жетіп қалды. 

Арыстанбек Рысбек, тілші:
Ресейдің Украинаға әскер кіргізгеніне бүгін тура бір апта. Соңғы тәулікте Ресей қарулы күштері алғаш рет ірі қаланы алды. Ол – оңтүстіктегі Херсон. Херсоннан айрылу – Украина үшін теңізге баратын жолдың жабылуы. Ал, стратегиялық маңызы зор порт Мариуополь қоршауға алынып, бірнеше сағаттан бері бомбаланып жатыр. Мұнда қанша адамның мерт болғаны белгісіз. Болжамдарға жүздеген тұрғын жан тәсілім етті. Мемлекет астанасы – Киев Украина армиясының қолында. Харковь үшін де шайқас жалғасып жатыр.

Владимир Зеленский, Украина Президенті:

Бізге ар-намысымыз бен бостандығымыздан басқа жоғалтатын ештеңе жоқ. Бұл екеуі – ұлы қазынамыз. Егер, біреу беріледі деп ойласа, ол адам біз үшін бөтен.

Соғыстан 2 мыңнан астам украиналық бейбіт тұрғын қаза тапты деген мәлімет бар. Ресей қорғаныс министрлігі алғаш рет 498 адам жоғалтқанын жариялады. Украина қарулы күштерінің бас штабы болса, Ресейдің 9 мыңдай жауынгерін жойғанын жариялады. Мұны жоққа шығарған Мәскеу қарсы жақтың 2870 сарбазы мен ұлтшылын жойдық дейді. Босқындар саны болса, 1 миллионнан асып кетті.

Филиппо Гранди, БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі жоғары комиссары:

Бар болғаны жеті күннің ішінде бір миллион адам Украинадан, мағынасыз соғыстан қашты. Мен босқындар мәселесімен 40 жылға жуық жұмыс істедім. Бірақ, мұндай жедел көшті өте сирек көріппін. Адамдар сағат сайын, минут сайын зорлық-зомбылық пен қорқыныштан бас сауғалап жатыр.

Ресейге қарсы санкциялар тіпті күшейіп жатыр. АҚШ сенаторлары тіпті Ресейдің мұнайы мен газын импорттауға тыйым салуды талап етіп отыр. Мұнай демекші, Украинадағы ахуалға байланысты оның баррелінің құны 120 долларға жетті. Сонымен қатар, Ресейде жұмысын тоқтататын компаниялар қатарына «Тойота» да қосылды. Бұған дейін осындай шешімді дүниенің ірі банктері, энергетикалық компаниялары, технологиялық фирмалары қабылдағаны белгілі. Тағы бір айта кететін жайт – Халықаралық олимпиада комитеті Ресей мен Беларусьті Паралимпиадалық ойындардан аластатқанын хабарлады.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу