Жедел қимылдайтын арнайы жасақ құрамында 124 ару қызмет етеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жедел қимылдайтын арнайы жасақ құрамында 124 ару қызмет етеді

04.03.2022

2019 жылы елімізде жедел қимылдайтын арнайы жасақ құрамы қыздармен толықты. Бүгінде елдің тыныштығын күзетіп, қоғамдық тәртіпті бақылайтын 124 ару бар. Нақтырақ айтсақ, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында – 25, өзге өңірлерде – 15 қыз арнайы жасақ сапында. Олардың қауырт әрі қиын қызметі туралы бейнематериалға назар салыңыз.

Қоғамда аруларға артылар жүк ауыр. Қазір түрлі салада қажырлы еңбек етіп жүр. Солардың бірі кейіпкеріміз қарулы күштер саласында 10 жылдан бері қызмет етеді. Ал нақты жедел қимылдайтын арнайы жасақ құрамына қосылғалы – 3 жылға таяды. Олардың атын атап, түсін түстеп, жеке мәліметтерін таратуға болмайды. Соған қарамастан кейіпкерімізді аз-кем сұхбатқа тарттық.

Нұр-Сұлтан қалалық Жедел қимылдайтын арнайы жасақ құрамының аға лейтенанты:

Әкем полковник, қазір зейнетте. Сол әкеме қарап өстім. Мамандығыма өкінбеймін. Өз таңдауым осы болды. Арамызда қайсар қыздар бар. Мен де елін қорғайтын сондай қыздардың бірі болғым келеді.

Қазақ қыздары қайратты. Мұндайда қар жастанып, мұз төсеніп елін қорғаған Әлия мен Мәншүктер ойға келеді. Жасақтағы қыздардың еңбегін де майдандағы қайсарлықпен теңестіруге болады. Олар күшейтілген режимде жұмыс істеп, талай күн үй бетін көрмейді. «Біздің қызметімізді қаталдықпен емес, жанашырлықпен байланыстырса»,-дейді арулар.

Нұр-Сұлтан қалалық Жедел қимылдайтын арнайы жасақ құрамының қызметкері:

Аяулымды 2019 жылдан бастап танимын. Өте абыройлы, ақылды, өз ісінің маманы. Тек шыдамдылық керек. Қоғамдық қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеміз. Өз жасағымның қыздарымен мақтанамын.

Қауырт жұмысқа қарамастан құрамдағы қыздардың 70% бесік тербетіп, бала тәрбиелеп отырған ана. Арнайы жасаққа 18 бен 35 жас аралығындағы дене шынықтыру немесе заң факультетін бітірген, жоғары білімі бар қыз-келіншектер қабылданады. Басты талап – физикалық дайындықтың мықтылығы.

Ерболат Құнанбаев, Нұр-Сұлтан қалалық Жедел қимылдайтын арнайы жасақ құрамы рота командирінің орынбасары:

Бізде қазір 25 қыз құрамда жұмыс істеп жатыр. 25 қыздың ішінде 20-ы спорт шеберіне үміткер. Бір қыз Халықаралық дәрежедегі спорт шебері бокстан. Қалған қыздарымыз спорт шебері.

Қызметтің қауіптілігіне қарамастан қыздарды біріктіретін бір ғана мақсат – Отанға адалдық, елдің тыныштығын күзету. Сондықтан антына адал арулардың азаматтық қоғамда алатын орны қашанда биік.

Ақниет Балтанова


Хабарламаларға жазылу