Елордадағы автобус жолақтарымен күндіз және түнде көліктің кез келген түріне жүруге рұқсат берілуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордадағы автобус жолақтарымен күндіз және түнде көліктің кез келген түріне жүруге рұқсат берілуі мүмкін

04.03.2022

Нұр-Сұлтан қаласында қоғамдық көлік тапшы. Автобус жүргізушілері де жетіспейді. Кадр тапшылығы жолаушы тасымалдау саласының үлкен проблемасына айналды. Ол аздай, енді елордадағы автобус жолақтарымен күндіз және түнде көліктің кез келген түріне жүруге рұқсат берілуі мүмкін. 

Елордада жолаушылар тасымалымен 6 компания айналысады. Олар күн сайын қалаға 95 бағытта жүретін 800 автобус шығарады. Ал қоғамдық көлік қызметін бір күнде жарты миллион адам пайдаланады. Олардың кейбіреуі таңертең және кешке автобусқа сыймай қалады.

Жолаушылар тасымалы ойдағыдай болуы үшін елордаға тағы 400 автобус керек. Оларды тез арада сатып алса да, проблема шешілмейді. Себебі, көлік жүргізушілері жетіспейді. Дәл қазір 700 маман тапшы. Таңмен таласа тұрып жұмыс істеуге екінің бірі келіспейді. Келіссе де шыдамайды.

Есенгелді Нұртайұлы, автобус жүргізушісі: 

Психологиялық жағынан да шаршайсың. Адам неше түрлі болады. Кейбіреуі үйден шыққанда көңіл-күйі болмайды. Келгенде көзіне ең бірінші көлік жүргізушісі түседі. Содан неге солай жүресің деп таңертеңнен адамның жүйкесін тоздырып, көңіл-күйін құртып кетеді.
Автобус тізгіндейтін адамдардың дефицитке айналғанына тағы бір себеп бар. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің санатын Д және Д 1 деп бөлгеннен бері қадр тапшылығы қатты сезіле бастады.

Әділ Мұратбекұлы, көліктік компанияның бөлім басшысы: 
Категория Д алу үшін, категория Д1 болу керек. Ол үшін 3 жыл шағын автобуста жұмыс істеу қажет. 
Қаладағы 26 көшенің арнайы жолағы бар. Қазір осы жолақпен күндіз және түнде көліктің кез келген түріне жүруіне рұқсат беру мәселесі қаралып жатыр. Бұл шешімге жедел жәрдем қызметкерлері қарсы.

Қалмырза Дәулетбаев, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі: 
Қатты ауырып жатқандар бар, мысалы, оларға 10-15 минутта жетуіміз керек. Автобус жолын басқа көліктерге беруге болмайды. Берсе бізге қиын болады.
BUS LANE бойынша сауалнама ертең аяқталады. Арнайы жолақпен көліктің бәрі жүрсін дегенге дауыс бергендер көп болса мыңдаған адамға аялдамада қазіргіден де ұзақ тұруға тура келеді.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу