Халықаралық агенттіктің экономика көрсеткіштеріне беретін бағасы әлем елдері үшін маңызды. Ол мемлекеттің несиелік қабілеті мен инвестициялық деңгейін көрсетеді. Демек, қазіргі жағдайда Қазақстанның ахуалы тұрақты болмақ. Сарапшылардың пікірінше, бұл ретте санкция ықпалын мейлінше азайтуға бағытталған үкіметтік шаралардың ұтымды тұстары көп.
Мақсат Халық, экономист:
Биыл мұнай бағасының жоғары болуына байланысты Қазақстан Үкіметі үлкен табысқа қол жеткізеді. Ұлттық қорды толтыра алады. Және экспорттық әлеуетін жақсарта алады деп отыр. Ол әрине, өз кезегінде сөз жоқ теңгенің де жылдың ортасынан бастап, қайтадан тұрақтануына өз септігін тигізеді.
Қазақстан мұнай мен газ экспортын еш кедергісіз тасымалдау амалдарын шұғыл қарастырды. Бұл ретте Каспий порттары үздіксіз жұмыс істейді. Әзірбайжан, Иран арқылы өзге елдердің нарығына шығуға болады. Тапсырыс берушіге дейін жолда кедергі болмайды. Алыс-беріс үзілмейді.
Қуаныш Бейсенғазин, Экономикалық зерттеулер институтының атқарушы директоры:
Еліміздің дипломатиялық қызметтері экспорт мәселесімен айналысып жатыр. Ешқандай кедергілер болмайды. Инфляция деңгейі мен баға да тұрақты бақылауда. «Standard&Poor's» компаниясының Қазақстанға «Тұрақты» деген болжам жасауы көп нәрсені аңғартады. Мысалы, осы агенттік бұған дейін Ресейдің несиелік рейтінгін дефолт дәрежесіне дейін төмендетіп тастаған болатын.
Қазір SWIFT жүйесі көпті алаңдатып отыр. Ресей банктерінің бұл жүйеден ажыратылуы Қазақстанның төлем нарығына қауіп төндірмейді. Ұлттық банк өкілдері жағдайды қатаң бақылауда ұстаймыз деп отыр. Қажет болса төлем нарығын қорғау бойынша қосымша шаралар қабылдау да жоспарда бар.
Арлен Молдабеков, ҚР Ұлттық банкi, төлем жүйелерінің саясаты басқармасының басшысы:
SWIFT тарапынан санкциялық қысым жекелеген Ресейлік банктердің трансшекаралық төлемдеріне әсер етеді. Қазақстандық банктердің ел ішінде клиенттік және меншіктік төлемдер жүргізу бойынша операциялары өзгеріссіз жүзеге асырылады.
«Standard&Poor's» компаниясы секілді беделді ұйымдардың болжам-бағалары әсіресе инвесторлар үшін маңызды. Олар осындай көрсеткіштерді негізге ала отырып қаржы құюға шешім қабылдайды. Демек, отандық нарық инвесторлар үшін тиімді болып қала бермек. Айта кетерлігі, халықаралық агенттік Қазақстан экономикасы биыл 3,6 пайызға, 2025-жылға дейін шамамен 4 пайызға өседі деп болжам жасап отыр.
Дарын Сағитов