Әңгіменің басы тағы да Украина. Тағы да негізгі ақпарат көзі түрлі телеграм-арналар. Және батыс әлемінің ақпарат құралдарының материалдары. Көрші ел «арнайы әскери операция» дегенімен, несіне күлбелтелейміз соғыс туралы жаңалықтар өткенде де айттық, тағы қайталаймыз – сағат сайын емес, минут сайын түседі. Сондықтан дәл қазір айтқан жаңалық мүлдем басқа арнаға бұрылып кетуі мүмкін. Және бір мән беретін мәселе – міне, былай деп көрсеткен видео мен оған айтылған комментарий жалған ақпарат болып шығуы да ықтимал. Бәрі емес, әрине. Алайда қып-қысқа видео қате тұжырым жасауға апаруы мүмкін. Сондықтан өткендегідей фундаментальді жаңалықтарға тоқталамыз.
Украина мен Ресей өкілдері бейсенбіде тағы кездескен. Гуманитарлық дәліз ашуға уағдаласқан. Бірақ келіскендей, Мариупольден бейбіт адамдарды эвакуациялау мүмкін болмады. Украина мен Ресей бұған бір-бірін кінәлады. Дегенмен бүгін біздің уақытпен 16.30-да Мариупольға адамдарды эвакуациялайтын автобустар кіргені хабарланды.
Ресейдің «Роскомнадзор» деген байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникациялар салаларын бақылайтын федералды қызметі Facebook пен Twitter желілерін бұғаттады. Осымен қабаттастырып беретін ақпарат – В.Путин «Ресей әскері туралы жалған ақпарат» таратқаны үшін 15 жылға дейін бостандығынан айыратын заңға қол қойды. Осыдан кейін Ресейдің және шетелдің көптеген бұқаралық ақпарат құралы жұмысын тоқтатқанын мәлімдеді. Арасында әлемдік деңгейде қарасақ, BBC, ресейлік ақпарат құралдарының арасынан насихатпен айналыспаған «Дождь» телеарнасы бар. Айтпақшы, 1990 жылдан бері түрлі саяси процестер мен катаклимздерге қарамай хабар таратқан атақты «Эхо Москвы» радиостанциясы жабылды. Лидері деуге келе ме, А.Венедиктов қандай жағдайға қарамай, радиостанцияны өлтірмейтін сияқты көрінетін.
Әрі қарай жалғастырсақ: Украина президенті В.Зеленский Солтүстік Атлантика одағының Украина әуесін қорғаудан бас тартуын сынады. Ол Запорожье АЭС-індегі өрттен кейін НАТО сол қадамға баруы керек еді деді. Батыс әлемі Ресеймен ашық соғыса алмаймыз деп, Украинаның әуе кеңістігін жауып беруге келіспей отыр.
Және бір жаңалық - Visa және Mastercard төлем жүйелері Ресейдегі қызметін тоқтатады. Бірнеше күннен кейін Ресейде берілген карталар шетелдерде, ал шетелдерде шығарылған карталар Ресейде жұмыс істемейді. Яғни Ресейдің қаржы жүйесі сыртқы әлемнен қиылып қалады. Ресей ұлттық төлем жүйесінің картасы «Мирды» қолданатынын айтып отыр. 2014 жылы Қырымды аннексиялағаннан кейін пайда болған еді. Иә, өз ішінде жұмыс істейді. Бірақ қолдануға болатын елдері шектеулі. ТМД елдері, Түркия, Вьетнам. Батыс мүлде жоқ ол тізімде. Енді ресейліктер шетелдік интернет-дүкендермен есеп айырыса алмайтыны өз алдына, ресейлік банктердің Visa және Mastercard карталары арқылы AppStore және GooglePlay, сонымен бірге, ApplePay және GooglePay арқылы да есептесе алмайды.
Росавиация әуе компанияларына халықаралық ұшырылымдарды тоқтатуға кеңес берді. Олар үшін Батыс әлемінің әуе кеңістігі жабық. Әрі лизинге калған ұшақтарын кәмпескелеп алып қоюлары мүмкін. Кәмпеске демекші, Батыс Ресей олигархтарының яхталары мен виллаларын тәркілеп бастады. Мысалы, Алишер Усмановтың, Игорь Сечиннің, Алексей Мордашов, Геннадий Тимченконың яхталары, белгілі насихатшы В.Соловьевтің Италиядағы зәулім үйлері.
АҚШ президенті Джо Байден де: Ресейлік олигархтарға айтарым, осы режимнің арқасында миллиардтаған доллар ұрлағандарыңыз жетер, сіздердің зәулім үйлеріңіз, яхталар мен ұшақтарыңыз және есепшоттарыңызды бұғаттаймыз. Біз сіздердің ала жіпті аттап жинаған байлығыңызды тәркілейміз, деген. Мына кестеде Ресейден кеткен компаниялар көрсетілген. Мұнда бәрі емес. Соның өзінде алпауыт компаниялар екенін көріп тұрмыз.
Жайна Сламбек