Ардақты ана, шебер спортшы, білікті қызметкер. Көкшетаулық Роза Искаренованың болмысын бір ауыз сөзбен осылай суреттеуге болады. Алты бала тәрбиелеп өсіріп отырған ана – ішкі істер саласының арнайы жасағында қызмет етеді. Ал Қостанайдағы арнайы жасақтың жауынгері Сая Әуелбекова - бес баланың анасы. Отбасының ұйытқысы болып қана қоймай, Отанының тыныштығын күзеткен ару аналар жайлы Дәуренбек Әбдібек әңгімелейді.
Сая Әуелбекованың нәзік саусақтары тапаншаны мығым ұстайды. Нысанадан мүлт кеткен кезі жоқ. Түрлі қарудан атып жаттығуға келгенде ерекше құлшыныспен кіріседі. Бала күнгі арманы орындалып, ішкі істер саласында қызмет еткеніне биыл жеті жыл. Ал былтырдан бастап арнайы жасақтың жауынгері міндетін атқарып жүр.
Сая Әуелбекова, Арнайы жасақ инспекторы:
Күш жүректе емес білекте дейді ғой. Тарихымыздан білеміз Әлия, Мәншүк сынды батыр қыздарымызды. Сондықтан біз нәзік болсақ та міндетіміз Отанды, халықты қорғау деп білемін.
Сырттай нәзік көрінетін келіншектің екіталай жағдайда ерлермен қатар қайрат көрсетердей қауқары бар. Бес баланың анасы спортты да қатар алып жүр. Жасынан самбо, дзю-домен айналысқан. Талай халықаралық жарыстарда жүлде алып, жекпе-жектен Азия чемпионы атанған.
Көкшетулық Роза Искаренова да жекпе-жектен әлем чемпионы, ел біріншілігінің бірнеше мәрте жеңімпазы. Бокстан спорт шеберлігіне үміткер.
Әке жолын жалғап, бастапқыда кәмелеттік жасқа толмағандар бойынша инспектор болған ол қазір ер азаматтармен бірге арнайы жасақ қатарында.
Роза Искаренова Жедел қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы, полиция майоры:
Қоян-қолтық жекпе-жектен әлем чемпионы атанғаннан кейін осы арнайы жасаққа ауысу туралы ұсыныс түсті. Мен келістім. Жалпы полицияда қызмет ету оңай емес. Әсіресе, әйел адамға. Ал арнайы жасақтың жүгі тіпті ауыр. Біз әрқашан дайын болуымыз керек.
Үйде ұл-қыз өсіріп отырған қос ана түзде ел тыныштығын күзеткен қырағы арулар. Перзенттерінің жарқын келешегінің кепілі – елдің тұтастығы, тыныштығы деп біледі. Сондықтан азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қасиетті борыш санайды.
Дәуренбек Әбдібек