Ковидтан кейін ауруы асқынғандар оңалту орталықтарында тегін емделе алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ковидтан кейін ауруы асқынғандар оңалту орталықтарында тегін емделе алады

09.03.2022

Ковидтан кейін ауруы асқынғандар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында оңалту орталықтарында тегін емделе алады. Дерті дендеп, денсаулығы сыр берген пациенттер күндізгі немесе тәуліктік стационарда ем қабылдауға құқылы. Өткен жылдан бері ковид жұқтырған 300-ге жуық науқас оңалту қызметіне жүгінген.

Светлана Нұрәлиева ковидтің салдарымен күресіп әлек. Қаны қою. Бас қан тамырлары ұйып, денсаулығы сыр берген.

Светлана Нұрәлиева, зейнеткер:

Дертім асқынған еді. Бірақ мен өзім инсультпен түстім. Миыма қан кетіп, кезекті рет инсульт алып келгенде сөйлей алмадым. Қазір жағдайым жақсы. Ем-дом жасаған мамандарға рақмет!

Ал Салиха Тәуекелқызы да індеттің залалын көрді. Коронавируспен ауырғаны сол еді, кейін буындары қақсай берген.

Салиха Тәуекелқызы, зейнеткер:

Әлеуметтік сақтандыру қоры арқылы осы «Адал ниет оңалту» орталығына тегін жолдамамен келіп, қазір емделіп жатқан жайым бар. Қазір бәрі жеңілдеді. Одан кейін гимнастика, дұрыс демалуды үйрететін гимнастика бар.

Мұнда ковидтан кейін ауруы асқынғандар тегін емделе алады. Науқастардың шағымына сәйкес ем-шара тағайындалады. Пульмонология, терапия, неврология, ортопедия, травматология бөлімдері бар. Қосымша массаж, физиотерапия жасалады. Пациенттер бассейнге түсіп, тұзды шахтаға бара алады. .

Ыбырай Дәулет, "Адал Ниет Астана" медициналық орталығының реабилитолог-дәрігері:

Өзінің жергілікті жолдамасын алып, портал арқылы науқастар бірінші терапевтке келеді. Одан кейін терапевт өзінің емдік шараларын тағайындап, дәріні процедура барысында тегін береді. Көбінесе инсульт алған науқастар келеді. Сонымен қатар пост ковидтік және инфарктан кейін біз ем-дом жасаймыз.Емхана 2018 жылы МӘМС аясында қызмет көрсетуді бастаған. Өткен жылдан бері ковидтен кейін ауруы асқынған 286 тұрғын емделіп шықты. Мұндай оңалту орталықтарының саны елорданың өзінде 40тан асады.

Сандуғаш Қиясбайқызы, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директорының орынбасары: Екінші үшінші емдік шараларға сақтандырылған науқастар бара алады. Яғни міндетті әлеуметтік сақтандыру қорына төлем төлеген науқастар.

Раушан Сайлауқызы, тілші:
Коронавирустың халық денсаулығына келтірген зияны орасан. Соңғы екі жылда науқастардың қаны қоюланып, инсульт көбейген. Ас қорыту мүшелері мен буын ауруларына шағымданатындар көп дейді, - дәрігерлер. Осы себепті, жарнаның бір бөлігі оңалту қызметіне бағытталып отыр. Мәселен биылдың өзінде 5 млрд теңге қарастырылған.

Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу