Қазақстандық жүктердің транзиті үшін Әзербайжан мен Грузияға баламалы көлік дәліздерін ашу керек. Елден тауар тасымалдау тарифтерін төмендету де маңызды. Дағдарысқа қарсы жедел штаб отырысында Премьер-Министр осындай тапсырма берді. Жиында сыртқы саудадағы түйткілдер, атап айтқанда ұлттық валютаның құбылуы, шетелдік шикізат, материалдар мен тауарларды жеткізу тізбегіне сәйкес 140-тай өтініш қаралды. Вице-премьер Бақыт Сұлтанов кәсіпкерлердің мәселесін шешумен күні түні айналысып жатқанын жеткізді. Цемент, жеңіл өнеркәсіп, аккумуляторлар, кабель-өткізгіш өнімдерін өндіруші 16 қазақстандық компанияның өтініштері сараланып жатыр. Өз өндіруші-экспорттаушыларымызға Үкімет қаржылық және сервистік қолдау көрсетеді. Бүгінде 1,5 млн тоннадан аса әлеуметтік маңыздағы азық-түлік қоры бар. Тауарларға импорттық кедендік баждарды алып тастау қазір өте өзекті мәселе. Әлихан Смайылов осы жағын пысықтап,ел экономикасына кері әсерін тигізбейтін тетіктерді қарастыруды тапсырды.