Украинадан тағы 155 жерлесіміз эвакуацияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинадан тағы 155 жерлесіміз эвакуацияланды

10.03.2022

Қазақстанға Украинада қалып қойған тағы 155 жерлесіміз эвакуацияланды. Польшаның Катовице қаласынан шыққан ұшақ бүгін таңғы 5-те елорда әуежайына қонды. Елге жеткізілген отандасымыздың жетеуі бала. Біреуі тіпті 10 күн бұрын ғана оқ пен оттың ортасында дүниеге келген шақалақ.

Берік Көшербай, тілші:

Бүгінгі эвакуациялық рейстің ең жас жолаушысын, мен, міне қолымда ұстап тұрмын. Ата-анасы соңғы 2 жылдан бері қызмет бабымен Украинада тұрып жатқан және сол елде тұңғыштары дүниеге келіпті. Хмельницкий деген қалада Батыр есімді жігіт дүниеге келіп, бүгін Қазақстанға оралды.

Жас ана ай-күні жеткенде Львов қаласына жолға шығуға мәжбүр болған. Себебі қауіпсіздік үшін Қазақстан елшілігі жерлестерімізді сол жаққа эвакуциялады. Ал бастапқы жоспар бойынша, Бауыржан Игіліковтың жұбайы Киевтегі перзентханада босануы тиіс болған.

Бауыржан Игіліков, Алматы қаласының тұрғыны:

Ол жерге біз телефон шалғанда, басқа жаққа барыңдар, бізге бомба шабуылы болады деді. Сосын біз кетіп қалдық. Босанған күннен кейін ертеңінде сол клиникаға ракета тиген екен. Құдай сақтап, кетіп қалғанымыз жақсы болыпты.

Бұған дейін Қазақстанға Украинадан 432 адам эвакуацияланған. Бүгін төртінші рейспен тағы 155 адам келді. Олардың кейбіреуі соңғы 2-3 күннен бері күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеген. Қатты шаршасада, қарулы қақтығыстар болып жатқан жерден туған елге аман есен жеткендеріне шүкіршілік етіп отыр. 

Светлана Сүлейманова, Алматы қаласының тұрғыны:

Өте қуаныштымыз. Қазақстанымыз бізді тастаған жоқ. Қорқынышты болды. Сиренаны ести сала бомбадан жасырынатын жерге қашамыз. Бомба қай жерге түсетінін білмейсің ғой.

Елордада туған-туысы жоқ азаматтарға қонақ үйден тегін орын берілді. Қазақстандық дипломаттарға волонтерлер де көмектесіп жатыр.

Жәния Оспанова, волонтер:

Бізде басқа өңірлерде де волонтерлар бар. Алматы, Атыраудағы әріптестеріміз бізге онлайн көмектесіп жатыр. Украинадағы әлеуметтік желілерді қарап отырмыз. Ол жерден пайдалы мәлімет көрсек қиын жағдайға түскен адамдарға жібереміз.

Қазіргі таңда Украинаның Мариополь қаласында Қазақстанның 18 азаматы бар. Сумы деген шаһарда екі адам қалып қойған. Қазақстан елшілігі оларды да қауіпсіз жерге шығару жолдарын қарастырып жатыр. Ал оқ пен оттың ортасында дүниеге келген Батыр ата-анасымен бірден Алматыға ұшып кетті. Ол жақта нәрестені ата-әжесі күтіп отыр екен.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу