Қазақстан Бельгияға 53 түрлі дайын өнім экспорттамақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан Бельгияға 53 түрлі дайын өнім экспорттамақ

10.03.2022

Бельгия Қазақстанмен сауда-экономикалық байланысты нығайтуға ниетті. Екіжақты қатынасты күшейтудің жолдарын талқылау мақсатында еліміздің Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Брюссельдің сауда және өндірістік палатасының басшылығымен кездесті. Басқосуда тараптар өзара алыс-берісті арттыру жайын талқылады. Пандемияға қарамастан Қазақстан мен Бельгия арасындағы тауар айналымы былтыр 1,3 есеге өсіп, 419 млн долларды құраған. Биыл осы көрсеткішті еселеу үшін қос ел бар мүмкіндікті пайланбақ.

Оливье Виллокс, Брюссельдің сауда және өндірістік палатасының төрағасы:

Қазір әлемде азық-түлік тапшылығы өте өзекті. Алдағы апталарда жаһанда бидай нарығы талқыға түседі. Сондықтан, біз Қазақстанмен ауылшаруашылығы, химия өнеркәсібі салаларында ынтымақты күшейткіміз келеді. Ресейге салынған санкциялардың қазақстандық кәсіпорындарға кері әсері тимес үшін екі жаққа тиімді жолдарды қарастырып жатырмыз.

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:

Біз «Транскаспий» халықаралық көлік маршрутын жандандыру және қазақстандық экспортты күшейтуді талқыладық. Еуропа нарығына, Бельгияға біз 200 млн долларға жаңадан 53 түрлі тауар тасымалдаймыз. Бұл шикізат емес. Шағын және орта кәсіпорындардың дайын өнімін экспорттаймыз.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу