Украинада әскери қақтығыстың жалғасып жатқанына 15 күн болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украинада әскери қақтығыстың жалғасып жатқанына 15 күн болды

10.03.2022

Ресей әуе күштері Мариуполь қаласында перзентхана мен балалар ауруханасын бомбалады. Батыс бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, әуе соққысынан 3 адам қаза тауып, 17-сі жараланған. Ал "Би-Би-Си"-дің хабарлауынша, Мәскеу Мариупольдағы перзентханада ұлтшыл батальонның базасы орналасты деп мәлімдеп отыр. Президент Владимир Зеленский болса, әскери жағдай кезінде Украинаның барлық тұрғынына қару ұстауға рұқсат беретін қаулыға қол қойған.

Владимир Зеленский,Украина Президенті:

Украина аспанын ресейлік зымырандар мен бомбалардан жабыңдар немесе бізге жойғыш ұшақтар жеткізіңдер. Шешімсіз үзіліс өлімге әкеледі.

РФ Қорғаныс министрлігі Украинаға міндетті әскери қызметтегі жауынгерлерді жіберу фактілерін растады

Ал Ресей қорғаныс министрлігінің өкілі Игорь Конашенков Украинаға міндетті әскери қызметтегі жауынгерлердің жіберілгені туралы бірнеше фактіні растап, олардың кері қайтарылғанын айтты. Бұған дейін Мәскеу көрші елге келісім шартпен қызмет ететін сарбаздардың ғана жөнелтілгенін мәлімдеген еді. Сонымен бірге, Қорғаныс министрлігі Украина әскерінің шығынына қатысты ақпарат берді.

Игорь Конашенков, Ресей Қорғаныс министрлігінің өкілі:

Жалпы алғанда Украинадағы 2911 әскери инфрақұрылым нысаны жойылды. Олардың арасында 97 ұшақ, 107 пилотсыз ұшу аппараты, 141 зениттік зымыран кешені бар.

АҚШ Ресейдің Украинада 5-6 мың адам жоғалтқанын мәлімдеді

Украина тарапының мәліметінше, әскери қақтығыста 12 мың ресейлік сарбаз қаза тапқан. Ал АҚШ -тың дерегіне сенсек, Ресей Украинада 5-6 мың адам жоғалтты. Мәскеу бұған дейін құрбандар санының 500-ге жетпейтінін хабарлаған еді. "Би-Би-Си"-дің мәлімдеуінше, тараптар мен бақылаушылар Украинадағы шиеленіс шығындарына қатысты түрлі ақпарат таратып отырғандықтан, олардың қайсы дұрыс, қайсы бұрыс екенін тексеру мүмкін емес.

Арай Төлегенқызы

Хабарламаларға жазылу