Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы биыл 2 млн тонна жүк экспортталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы биыл 2 млн тонна жүк экспортталады

10.03.2022

Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы биыл 2 млн тонна жүк экспортталады. Тауарлар Әзірбайжан, Грузия, Түркия және Еуропа елдеріне жеткізіледі. Осыған орай, порттар жүк тасымалын арттыру үшін жоспарға сай дайындыққа кірісті.

Мұнай, метал өнімдері, мыс, көмір және тағы басқа да тауарларды жыл соңына дейін Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тасымалдау көзделген. Бакуде өткен кездесудің нәтижесінде, аталған маршрутты одан әрі дамыту үшін Қазақстан, Грузия және Әзірбайжан елдері арасында бірлескен кәсіпорын құру жоспарланды.

Жайнар Әсілбекова, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі көлік логистикасын дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Алдағы уақытта осы бірлескен кәсіпорын аясында экспорттаушылар сондай-ақ, транзиттік жүктерді одан әрі дамыту мақсатында көптеген тиімді шаралар қолданылатын болады. Тиімді тарифтерді орнату, жүктерді дұрыс консалидациялау басқа жерлерге өз уақында жеткізу шаралары қолданылатын болады. 

Бакуде Қазақстан тарапы Транскаспий халықаралық көлік маршруты бойынша темір жол қатынасымен қатар теңіз арқылы тасымалданатын жүктің көлемін талқылады. Сондай-ақ Әзірбайжан тарапына осы халықаралық дәліз бойынша автомобильмен тауар тасымалдауды дамыту және екі ел арасында әуе рейстерінің санын арттыру ұсынылды. Және бұл ұсыныс қолдау тапты.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Қазір Ақтау теңіз портының жүктемесі шамамен 18 пайыз. Қазақстандық экспорттық компаниялардан жүк тасымалдауға сұраныс артқасын, жедел жоспар құрылып, порттың мүмкіндіктерін арттыру бақытында жұмыстар басталды. Ал, бұған дейін жоспарланған жүктер оның ішінде, транзиттік контейнерлер тасымалданып жатыр. 

Бұдан былай Ақтау теңіз портын контейнерлік хабқа айналдыру көзделген. Осылайша 2025-жылдың соңына дейін шамамен 100 мың контейнер өткізу жоспарланып отыр.

Абай Түрікпенбаев, «Ақтау теңіз сауда порты» ҰК» АҚ басқарма бастығы:
Алдымызға үлкен міндет қойылды. Әрине аталған бағыт бойынша барлық күшті тартып, жұмылдыру үшін уақыт қажет. Қосымша вагондар, темір жол арматурасы, локомотивтер, Теңіз кемелері алынады. Сонымен қатар жөндеу жұмыстарын жүргізетін жұмысшы күші қажет болады. 

Еліміз алдағы уақытта қарт құрлыққа да тауар тасымалдауды арттырмақ. Еуропаға бұған дейін тек шикізат тасымалданып келсе, енді дайын өнім экспортталады. Мәселен, Бельгия ауыл шаруашылығы мен химия өнеркәсібі саласында ынтымақтастықты арттырмақ.

Қайрат Төребаев, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
Біз «Транскаспий» халықаралық көлік маршрутын жандандыру және қазақстандық экспортты күшейтуді талқыладық. Еуропа нарығына, Бельгияға біз 200 млн долларға жаңадан 53 түрлі тауар тасымалдаймыз. Бұл шикізат емес. Шағын және орта кәсіпорындардың дайын өнімін экспорттаймыз.

Ал, Құрық порты жүк тасымалын биыл кемінде 5 есеге арттыруды жоспарлайды. Теңіз айлағы Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің ортасында орналасқан. Ол арқылы астық, тыңайтқыштар, химиялық заттар экспортталады.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу