Елордалық кәсіпкерлер доллар бағамының күрт өсуінен бизнестің шығынға ұшырып жатқанын айтты. Әсіресе мемлекеттік тапсырыспен арнайы киімдер дайындайтын фабрикалар бұған дейін жасалған келісім шартты орындай алмайтынын жеткізді. Осыған орай Үкімет жанынан жедел штаб құрылып, отандық өнімді қолдау шаралары жүзеге асырыла бастады. Ақниет Балтанова тарқатады.
Әскер Башеев отандық нарықта 10 жылдан аса қызмет етіп жүр. Фабрикасы тігетін киім-кешектің матасын Түркиядан алады. Алайда құбылмалы валюта салдарынан материал жеткізушілер келісім жасаудан бас тартқан. Себебі ешкім шығынға жұмыс істегісі келмейді.
Әскер Башеев, кәсіпкер:
Үкімет қазір бізге көмектеспесе, онда мына кішігірім бизнес, әсіресе өнім шығаратын кәсіпорындар банкрот болып қалады. Біздің артымызда 50 шақты адам. Олардың да отбасы бар. Көбінесе әйелдер.
Тауардың кешігуі, жеткізу қызметінің қымбаттауы, шет елден алдыртатын шикізат бағасының шарықтауы, бұрынғы валюта бағамымен жасалған шарттар, банктердің несие рәсімдеуден бас тартуы сынды себептер – отандық бизнес өкілдерін алаңдатып отыр. Пандемиядан соң енді ғана бой түзеген кәсіпкерлер тағы бір дағдарысты еңсеруге бар күш-жігерін жұмсамақ.
Самат Исабаев, кәсіпкер:
Былтыр көрген пайдамыз, биыл жоқ болды, 2 жұманың ішінде. Қазір 104 қызметкер бізде жұмыс істейді. Солар жұмыссыз қалмаса деп отырмыз. Күшіміз жеткенше тырысамыз.
Кәсіп иелерінің шағымынан соң Атамекен палатасы бірінші болып іске кірісті. Ең алдымен зардап шекен компаниялардың тізімін жасап, өтініштерін қабылдай бастады.
Бейсен Жолболдиев, Нұр-Сұлтан қаласы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы:
Көп мәселелерді қаланың деңгейінде талдау жасап, орталыққа жіберіп отырамыз. Орталық аппаратта, Үкімет жанында отырған үлкен штабта күнде қаралып жатыр. Қазір теміржол, яғни тасымалдауды Ақтау порты арқылы жеткізу қарастырылуда.
Үкімет жанынан жедел штаб құрылды. Ал жауапты ведомстволар қазір анализ жасауға кірісті. Әрбір өтініш берген кәсіпкердің жағдайы мен шығыны қаралады. Осылайша оларға қаржылай көмек көрсетіледі.
Сұлтанғали Коратов, ҚР ИИДМ мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комитетінің жетекшісі:
Премьер-министр Үкімет отырысында жағдайды жіті қадағалауға тапсырма берді. Қазір Ұлттық экономика және қаржы министрлігі бірнеше сценарий дайындап жатыр. Соған сәйкес, қаржылай қолдауға қаражат бөлінеді. Біз түрлі сценарийге дайын болуымыз керек.
Иә, доллар күн сайын құбылып тұр. Сондықтан мемлекет тарапынан көмекке бүгін бөлінген қаражат, ертең қайта жетпей қалуы ықтимал. Демек есеп-қисап, сараптама жұмыстарына әлі де уақыт қажет. Бастысы, кәсіпкерлерге қолдау болады дейді жауаптылар.
Ақниет Балтанова