Еліміздің оңтүстігінде биыл көктем ерте келіп, тіршілік атаулы жанданып шыға келді. Өріктер гүл ашып, төңірек ажарлана түссе, төрт түліктің аузы көкке ілініп, диқандар егіс қамына кіріскен.
Көктемнің келгенін сүйіншілеп жеткізетін бәйшешек болса, жеміс ағаштарының ішінде ең алғаш болып гүлдейтін өрік. Күн шуағынан тараған жылымық леп оның тамырына нәр жүгіртіп үлгерді. Әппақ әрі қызыл күрең гүлдері қазір төңіректі әсемдікке бөлеп тұр. Оның хош иісіне құмартқан жәндіктер де ызың қағып тіршілік қамына кіріскен. Тамылжыған көктемнің күнін шырылдаған құстар үні де толықтырды.
Жорабек Астанақұлов, Сарыағаш ауданының тұрғыны:
Гүлдеп тұрған ағашты көріп күнде қуанамын. Көгеріп, гүлдегенін көріп адам одан шабыт алады, нәр алады. Адамда өмірге деген құлшыныс пайда болады.
Биыл жылдағыдай емес ақпан айының өзінде өңірде күн жылынып сала берді. Қылтиып шыққан көк жердің бетін тұмшалап, далаға көрік берді. Көк шыққалы төскей төрт түлікке толып шыға келді. Енесі төлін іздеп мекіренсе, ойнақтаған қозы, лақ маңайды шуға бөлеп жамырайды.
Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан диқан да әлдеқашан егіске кіріскен. Соқа сайманын сайлап, дайын отырған диқан жерін жыртып, егін салып жатыр. Бір маусымның өзінде 2-3 рет дақыл егіп, одан мол өнім жиып алуды көздейтін еңбекқор жандар биыл да жердің ырыздығы мол болатынына сенімді.
Қалдан Мұсабеков, диқан:
Биыл жылдағыдан көктем ерте шықты. Көкөнісімізді егіп, соның жемісін жейміз бе деп отырмыз. Қар болмаса да жаңбыр осылай болса судан тапшылық болмайды. Су бар жерде егін де болады ғой.
Көктем – тазару мен жаңару кезеңі. Қазір оңтүстікте қайнаған еңбек. Таңмен таласа тұратын мұндағы еңбекқор ағайын арық-аттыздарды тазалап, ағаш отырғызып жатыр. Соңғы бірер аптадан бері түстіктегі күн райы күндіз 20 градустың төңірегінде жылы. Жер бетіне жақсылық пен мейірім ұялаған көктемнің күнінен көптің күтер үміті де мол.
Ғани Қалмаханов