Ертең Қаңтар оқиғасының тергелуіне қатысты «Жаңа Қазақстан» депуттаттық тобының сауалына қатысты Мәжілістің жалпы отырысы өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең Қаңтар оқиғасының тергелуіне қатысты «Жаңа Қазақстан» депуттаттық тобының сауалына қатысты Мәжілістің жалпы отырысы өтеді

13.03.2022

Мәжіліс депутаттары екі айдан бері үнсіз отырған Бас прокуратурадан қаңтар трагедиясына қатысты жауап беруді талап етті. Ауыл-аймақты аралап келген депутаттар елдің арыз-шағымын ашық айтпаса болмайтынын түсінсе керек. Қоғамда күмән мен күдік көп. Бірақ жауап әлі жоқ. Прокуратура, күштік құрылымдар басшыларын депутаттар Мәжіліске шақырды.

Сонымен ертең, 14 наурыз сағат 10:00-де Қаңтар оқиғасының тергелуіне қатысты «Жаңа Қазақстан» депуттаттық тобының сауалына қатысты Мәжілістің жалпы отырысы өтеді. Сауалдарға құзырлы органдардың басшылары және сол мәселемен айналысқан адвокаттар жауап береді. Пленарлық отырыс онлайн форматта «Qazaqstan» телеарнасының You Tube, Facebook парақшаларынан трансляцияланады. Мәтіндік трансляция Qazaqstantv Telegram-арнасынан жасалады. Айтатыны, азаптауға байланысты тағы бір мәлімет тарады.

Қаңтар оқиғасынан соң ұсталып, қамауда отырғандардың бірі Самат Нұрмұханов «тоққа соқты, суға батырып тұншықтырды» деп абақтыдан әйеліне хат жазған. Келіншек күйеуінен хабар ала алмай отыр. Азапталған жолдасының өміріне қатты алаңдайды. Осы хат әлеуметтік желілерде тарағасын, Бас прокуратура тексереміз деген.

Еске сала кететіні: Бас прокуратура азаптаудан 6 адамның көз жұмғанын, ұсталғандардан 300-ден аса азаптау туралы шағым түскенін, 170 қылмыстық іс қозғалғанын, 9 күдікті ұсталғанын айтқан.


Хабарламаларға жазылу