Украина мен Ресей тағы да келіссөз өткізуді жоспарлап отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Украина мен Ресей тағы да келіссөз өткізуді жоспарлап отыр

14.03.2022

Украина мен Ресей әскери жанжалды доғару үшін дипломатиялық күш жұмсап, келіссөздерді әрі қарай жалғастыруға ниетті. Екі жақ та диалогта прогресс барын айтты. Бірнеше күннің ішінде келісім жасауы мүмкін екенін мәлімдеп отыр.

Ал АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Вэнди Шерманның сөзінше, Ресей қарулы қақтығыстарды тоқтату жолындағы келіссөздерге дайын екенін аңғартып отыр. Украина президенті Владимир Зеленский де бұған әзірлік байқатқанымен, ешқандай ультиматумды қабылдамайтынын ескертті. Айта кетсек, тараптар осыған дейін үш рет кездесіп, негізінен гуманитарлық мәселелерді талқылады.

Ақпанның 24-нен бері Украинада авиациялық және өзге де соққылардан мыңдаған адам қаза тауып, 2 жарым миллионнан астамы көрші елдерге босып кетті. Өткен тәулікте Украинаның Яворов халықаралық бітімгершілік және қауіпсіздік орталығына Ресей зымырандарының соққысы тиіп, 35 адам мерт болды, 134-і жараланды. Ал, Киевте қалған екі миллиондый тұрғын үшін екі аптаға ғана жететін азық-түлік қалды.

Тағы бір жаңалық – Мәскеу Қытайдан әскери көмек сұрады. Вашингтон болса, Бейжің Ресейге мұндай жәрдем беретін болса, оның зардабын тартатынын хабарлап отыр.

Арыстан Рысбек


Хабарламаларға жазылу