Елімізде 55 майнинг фермасы жұмысын тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде 55 майнинг фермасы жұмысын тоқтатты

15.03.2022

Қазақстанда 55 майнинг фермасы өз еркімен жұмысын тоқтатты. Олардың арасында Болат Назарбаев пен Қайрат Шәріпбаевқа қарасты компания да бар. Қаржы мониторингі агенттігі осындай мәлімдеме жасады.

Саламат Омаш, тілші:

Агенттік мәліметінше, жұмысын тоқтатқан майнинг фермаларының жабдықтары бөлшектеніп, шығарылған. Бұл қондырғыларды қайта қолданбау шаралары қабылданып жатыр. Электр қуатын заңсыз қосылған, арнайы экономикалық аймақ аумағына негізсіз орналасып, салықтар мен кедендік төлемдерді төлеуден жалтарған компаниялар жұмысын тоқтатқан. Ведомство олардың арасында Ішкі істер министрлігі департаментінің бұрынғы басшысы Тілеген Мәткеновке қатысы бар компаниялардың барын алға тартады. Ал 50 майнинг фермасы жұмысын өз еркімен тоқтатқан.

Гаухар Сапарбаева, ҚР Қаржы мониторингі агенттігінің ресми өкілі:

Өз қызметін тоқтатқан майнинг компаниялары арасында Павлодар облысындағы Болат Назарбаев және Александр Клебановқа, Ақтөбе облысындағы «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаев және Қарағанды облысындағы белгілі кәсіпкерлердің бірі - Ерлан Нығматулинге қарасты фермалар бар.

Ведомство мәліметінше, майнинг жабдықтары Қытай, Оңтүстік Корея, Сингапур, Түркия және Грузиядан әкелінген. Олардың арасында контрабандалық жолмен жеткізілгендері де болған. Жалпы Қаржы мониторингі агенттігі 25 қылмыстық іс тіркеп, 67 мыңнан астам техника тәркіленді. Олардың құны - шамамен 100 миллиард теңге.


Хабарламаларға жазылу