Ауыл шаруашылығы өнімдерін ұлғайтып, импортқа тәуелділікті барынша азайту керек. Ал азық-түлік бағасын тұрақтандырудың - түрлі механизмдерін қарастыру қажет. Бүгін үкімет отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов осылай, - деді. Жиында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қаңтар, ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуға қатысты жоспарлар қаралды.
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Ауыл шаруашылығы министрлігі екі жылға арналған жоспар әзірлепті. 30 шақты міндеттің негізгілері майлы дақыл мен көкөніс алқаптарын ұлғайтып, өсімдік шаруашылығын әртараптандыру. Ірі қара, қой мен жылқы шаруашылығын дамыту қолға алынады. Осылайша 2025 жылға дейін ет, сүт қаймақ, ірімшік өнімдерімен 100 пайыз қамту көзделген. Отандық өндірісті ілгерілету үшін аграрлық ғылымға дем беру керек. Бұл ретте зерттеу орталықтарын құруға тапсырма берілді. Ал қазақстандықтар азық-түліктен тапшылық көрмейді. Министрдің мәліметінше, қажет тауарлар жеткілікті. 144 мың тоннадай ұн, 40 мың тонна күріш, 20 мың тоннадан астам макарон өнімдері, 900 мың тоннадай көкөніс бар. Ал қант қоры алдағы 3 айға жетеді. Елде 4 зауыт болғанмен өнімнің 60 пайызы шетелден келеді. Қант құнының құбылуы доллар бағамына байланысты. Ал бағаны 15 пайыздан жоғары қосқан бизнес өкілдері тексеріледі.
Ербол Қарашөкеев, Ауыл шаруашылығы министрі:
90 мың тоннадай қант бар. Тұрақтандыру қорларында, сауда обектілерінде 38,2 мың тоннадай бар. Одан басқа Қазақстан Республикасына 31 тамызға дейін 250 мың тонна көлемінде ақ қант пен шикі қантты бажсыз әкелуге құқығы бар. Ол квоталар қазір бөлініп жатыр.
Қазақстан ғана емес, әлемді де қымбатшылық қысып барады. Азық-түлікке сұраныс жоғары, құны аспандап тұр. Сондықтан отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге басымдық беріп, ішкі нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету басты назарда болуы керек, - деді Премьер. Жыл басынан бері ЖІӨ 3 жарым пайызға артты. Тұрақты экономикалық өсімнің драйвері – өндіруші және өңдеуші өнеркәсіп.
Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Халықтың табысын арттыру, жұмыс орындарын құру, экономиканы әртараптандыру жұмыстарын барынша күшейту қажет. Бұл үшін үкімет 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасын іске асыруда. Халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленді. Әкімдер әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыруға ерекше көңл бөлуі тиіс. Ол үшін қажетті механизмдердің бәрі бар.
Валюта нарығын тұрақтандыру шаралары қолға алынды
Раушан Сайлауқызы, тілші:
Жыл басынан бері тауар экспортында өсім бар. Қаңтарда 86 пайызға артқан. Әйтсе де сыртқы факторлардың әсерінен Қазақстанның қаржы нарығы құбылып тұр. Осы ретте Ұлттық Банк бірнеше шараны қолға алды. Әуелі, валюта нарығын тұрақтандыруға басымдық беріп, интервенция жүргізді. Бұдан бөлек инфляциялық тәуекелдерді төмендету, халықаралық резервтердің өсімі мен зейнетақы активтерінің кірісін арттыру және төлем жүйелерін дамыту жалғаса бермек. Жиында бюджет қаражатын игеруге қатысты есеп берілді. Экономика министрі қаражатты тиімді игере алмаған министрліктерді атады. Олар білім және ғылым, денсаулық сақтау және ішкі істер, қаржы және ауыл шаруашылығы ведомстволары.
Раушан Сайлауқызы